Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар МАЛ ДӘРІГЕРЛЕРІНЕ 163 КӨЛІК БЕРІЛДІ

МАЛ ДӘРІГЕРЛЕРІНЕ 163 КӨЛІК БЕРІЛДІ

Ақтөбелік мал дәрігерлері бұрын табанынан тозып, ауылдың әр шетіне жаяу баратын. Қазір оларға 163 жаңа көлік берілді. Оның 137-cі –«Нива», 13-і – «Джип», 13-і – арнайы жабдықталған «Дук».
Әр аудан орталығы мен селолық округтердің ветеринарлары енді ауылды, көршілес елді мекендерді аралап, төрт түлікті егеді, қан алады. Сөйтіп мал басын арттырып, түрлі аурудың алдын алуға күш салады.

Егін алқабын азайтып, мал басын арттыруды қолға алған өңір үшін көлік – ең қажетті құрал. Ұзақ жылдар бойы мал күтімін жасаған Ғадидулла Жаңбыршиннің айтуынша, бұрын алыс ауылға қызмет көрсеткен кезде көлікті жалға алып, жеке машинаны пайдаланған екен. Әсіресе, жаппай егу, қан алу уақыты қарбаласқа толы болады. Сол шақта тығырықтан шығу жолын іздеген мал дәрігері жалғыз өзіне сенді. Бүгінде мемлекет көмектесіп, ақтөбелік ветеринарлар су жаңа көліктің иесі атанды. Ендігі мәселе – жас кадрларда.

– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жастар ауылға келіп жатыр. Бірақ бұл – жеткіліксіз. Көбі мал бағудан, малдың күтімін жасап, төрт түліктің санын арттырудан қашады. Бүгінде ветеринарлардың әлеуметтік, материалдық жағдайы түзелді. Мол қамқорлыққа ие болып жатыр. Үй, көлік бар,– дейді Байғанин аудандық малдәрігерлік стансасының директоры Серік Қисықбасов. Өткен жылы облыстағы оқу орнынан білім алған 13 жас маман ауылға барған. Таяуда дипломын қолға алған жастар тағы алыс ауылға аттанды. Олар ветеринарияның қыр-сырын меңгеріп, озық технологиямен жұмыс жасай алады. Өңірдің мал шаруашылығын дамыту мақсатында материалдық-техникалық жарақтандыруға 588 миллион теңгеге жуық қаржы да бөлінді. Оған арнайы құралдармен жабдықталған алпысқа жуық көлік сатып алу жоспарда бар. Бүгінде 40 машина алынды, мамандар күнделікті жұмысқа пайдаланып, көліктің игілігін көріп жүр. Дегенмен, Әйтеке би, Қарғалы, Алға аудандарында аталған сала бойынша мемлекеттік қызметкерлер жетіспейді.Кезіккен кедергілерге қарамастан Ақтөбе облысының 5 ауданында ветеринарлық зертхана салынып жатыр. Бұл зертхана асыл тұқымды мал басын арттыру кезінде заманауи үлгідегі технологияларды пайдаланатын орталық болмақ. Сөйтіп өңірдің ауыл шаруашылығы мамандары «мал баққан озады» деген қағидағы берік ұстанып отыр.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus