Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КАРТАСЫ

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КАРТАСЫ

Ақтөбе өңіріндегі Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдық нәтижесі оңды. Индустрияландыру картасына 76 инвестициялық жоба еніп, құрылыс кезінде 8 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Ал өндіріс орындары іске қосылған кезде 10 мыңға жуық жұмысшы тұрақты қызметке кіріседі. Биыл үдемелі даму бағдарламасы аясында он инвестициялық жоба іске асырылмақ. Жобалардың жалпы құны 200 миллиард теңгеден асады. Үш ірі жоба құрылысы өткен жылы басталып, биыл аяқталады.

Үш жобаның іске қосылуы экономикаға жаңа қарқын береді деп күтілуде. Мәселен, №3 Жаңажол газ өңдеу зауытының құры­лысы аяқталуға жақын. Жоба іске қосылған кезде жылына 6 миллиард текше метр газ өңделеді. Құны 118 миллиард теңге болатын зауытта 300 адам тұрақты еңбек етеді. Ал Ақтөбе рельс-арқалық зауыты да осы жыл­дың аяғында іске қосылады. Зауыттың ерек­шелігі – рельстер инновациялық тер­мотөзімді. Сапалы рельстің ұзындығы 120 метр болады. Өнім жоғары жылдамдыққа, ұзақ жолға арналған. Мұндай жолда са­ға­тына 350 шақырымды жүріп өтуге мүмкіндік бар. Рельс сапасы Қазақстанның ауа райына да икемді. Мамандардың айтуынша, ұзын рельстер дәнекерлеу жұмыстарын азайтады, қауіпсіздікті күшейтеді екен. Үшіншісі, «Ақ­төбе–Жылыжай» ЖШС-ның жылыжай кешені. Мұнда қызанақ, қияр өсіріледі. Аумағы үш гектар болатын кешен қыс пен көктемде жергілікті өнім бағасының тұрақ­тылығын сақтауға ықпал етеді.

Мұнайдың сорғы штангалары жасалады

Ақтөбедегі мұнай құрал-жабдықтарын шы­­ғаратын зауыт өз өнімін екі есе арт­тыр­ды. Бұрын сорғы штангалары мен штанга жалғастырғыштардың жылына 200 мың данасы шықса, енді 400 мың жабдық жа­салады. Сөйтіп, Қазақстан сұранысының

80 пайызын қамтып отырған зауыт алыс, жақын шетелдердің де тапсырсын қабыл­дайды. Өндіріс қуаттылығын арттырған тех­никаны кәсіпорын «Бизнестің жол кар­тасы – 2020» бағдарламасы арқылы сатып алды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дар­ламасымен алынған 7 милллион 750 мың доллардың бір бөлігі несие. Берілген несие пайызы субсидияланды. «Сорғы штангаларын, штанга жалғастырғыштарды Атырау, Маңғыстау облыстарының ірі мұ­най компаниялары алады. Ақтөбелік ірі мұ­най өндірушілердің де тапсырысы бар. Жалпы, зауыт – Қазақстандағы жалғыз өн­ді­­руші. Ел нарығындағы үлесі 80 пайыз» дейді ол компанияның әкімшілік директоры Ғазиз Жандосов. Отандық өнім алдағы уақытта экспортқа шығарылады. Алдымен лицензияға қол жеткізу керек. Сол кезде Ре­сейге, Әзiрбайжанға тасымалдануы ық­тимал.

Пластик ыдыстарға сұраныс артты

Ақтөбедегі пластик ыдыстар шығаратын цехтан сағатына 5,5 мың дана жұмыртқа контейнері мен 33 мың стақан шығары­лады. Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарына жеткізілетін өнімге сұраныс жоғары. Кәсіпкер Ержан Өтешов таяу жыл­дары шаруашылыққа қажетті қасық, ша­нышқыны да осы цехтан дайындап шыға­руды жоспарлап қойған. Цех ішіндегі құ­рал-жабдықтар Қытайдан әкелінген. Ал шикізат Ресейден тасымалданады. Маман­дардың айтуынша, пластик ыдыс жасауға арналған полистирол, полипропилен елі­мізде өндірілмейді. Сондықтан алматылық жеткізушінің көмегіне жүгінуге тура келген. Бір тапсырыста 5-10 мың тонна шикізат жеткізіледі.

Қазір бұл цехта барлығы 13 адам еңбек етіп жүр. Мұндағы жұмысшылардың ба­сым бөлігі Жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке араласқан адамдар. Пластик ыдыс­тар шығаратын «Абадан-Пласт» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі әзірге батыс өңі­рінде жалғыз. Компания директоры Ер­жан Өтешов: «Тауарды өткізу еш қиындық туғызбайды. Бизнесті бастауға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы түрткі болды. Құрал-жабдықтарға қажетті 26,4 миллион теңгенің 40 пайызы несие. Несие сыйақы­сының тең жартысы субсидияланды» дейді. Бұл қаржы мен мемлекеттік көмек бизнестің еркін дамуына жол ашады.

Ауыл шаруашылығының жаңа бағыты

Бүгінде өндіріс орындары ғана емес, ауыл шаруашылығы саласы да дамудың жаңа бағытын ұстанды. Ақтөбе облысының шаруалары бидай алқабын 15 пайызға азайт­ты. Есесіне соңғы 2-3 жылда мал азы­ғының аумағы 176 мың гектарға жетті.

Көктемгі егін науқаны сәуірдің 20-сы­нан кейін жанданды. Қазір алқапта дән себу жұмыстары жүріп жатыр. «Дән себу жұмыс­тарына 8 мың тонна жанар-жағармай бө­лінді. Әр литрі 95 теңгеден есептелген» деді облыстық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының бастығы Мұхтар Жұмағазиев. Оның айтуынша, биыл өңірде 668 мың гектар аумаққа дәнді дақыл, мал азығы, майлы да­қыл, картоп, көкөніс егіледі. Ақтөбе облысы келер жылдан бастап мал азығын өсіруге күш салады.

Бағаны тұрақтандырудың ақтөбелік жолы

Бағаны тұрақты ұстау үшін күзде қой­маға қажетті азық-түлікті, яғни көкөністі мол сақтаған жөн. Осы жүйені қолдаған ақтөбелік кәсіпкерлер қазір қойма салу жұмысына кірісті. Бір ерекшелігі, өңірде «Ақтөбе» ӘКК жанынан активтерді оң­тай­лы басқару мақсатында «Азия­Агро­Хол-динг» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тестігі құрылған болатын. Мемлекет қара­жатының қатысы бар «Табыс» базарында және тағы басқа коммуналдық активтерді басқарудың тиімді тәсілдерін қолдану қолға алынды. Жұмыс нәтижесіз болған жоқ, енді ет өндірушілер өздері құрған қауымдастық арқылы ақтөбелік тұтынушыларды арзан әрі сапалы, ең бастысы, жергілікті ет өнім­дерімен қамтамасыз етуге кірісіп кетті. Енді бұл қойма арқылы облыс аумағында бағаны жыл он екі ай бойы бақылауда ұстауға мүм­кіндік бар. Нақтыласақ, Қазақстанның бар­лық аймағындағы азық-түлік өндірушілер артылған өнімдерін Ақтөбеде сақтай алады. Мұнда сатуға да қолайлы жағдай жасалады. «Ақтөбені аграрлық облыс деп айтуға кел­мес. Аймақ қалай болғанда да импортқа тәуелділіктен әзірше құтылмайды. Өңірде жергілікті сұранысты қанағаттан­дырар­лық­тай өнімді сақтауға арналған инфрақұрылым жоқ, бұрынғыларының ізін сипап қалдық. Жалпы, Қостанай – картобымен, Тараз – пиязымен, Қызылорда – күрішімен белгілі. Осы іргелі өндірістердің кез келгені өз тұты­нушыларына сапалы өнімді тиімді бағаға ұсынуға дайын» дейді компания директоры Азамат Жексенбиев.

Қазір Ақтөбе өңірінде көтерме сауда терминалдары салына бастады. Демек, Қос­танайдың картоп отырғызатын шаруалары, Жамбыл өңірінің пияз егетін еңбекшілері, Қызылорданың күрішшілеріне дейін ар­тылған өнімдерін Ақтөбенің қойма кеше­нінде сақтауға мүмкіндік алады. Ақтөбелік басқарушы компания да тиімді келіс­сөз­дер­ге дайын және ұсыныстарды қабыл­дайды. Өйткені жергілікті холдинг ол өнімді сатуға да мүмкіндік беретін сауда алаңдарын ұйым­­дастырады. Бүгінде коммуналдық санатына ие он шағын базардың жеті па­вильоны, Табыс» базары мен жеміс-жидек базары тұтынушының да, өндірушінің де сұранысын қанағаттандыруға қауқарлы.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА,
Ақтөбе облысы

http://www.aikyn.kz/

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus