Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Халық денінің саулығы азығына тәуелді

Халық денінің саулығы азығына тәуелді

Жұма, 28 маусым 2013 2:07
Кеше Қазақстан Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар кызметінде болған дәстүрлі брифингте Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков Қазақстанда азық-түлiк өнiмдерiнiң сапасын тексеретiн арнайы мемлекеттiк орган құру жөнiнде ұсыныс барлығын жеткізді.
Брифингте сөз алған ресми өкіл Алтай Әбибуллаев еліміздің ірі астық экспорттаушылар қатарынан екендігін айта келе, Мемлекет басшысының барша отандастар алдына міндет етіп қойған «2050» Стратегиялық бағдарламасында әлемде халық санының өсіміне байланысты азық-түлік қауіпсіздігіне басты мәселенің бірі ретінде айрықша мән бергендігін назарға салып өтті. Осы ретте Елбасының бастамасымен Астана қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі офи­сі ашылатынын да журналис­тер­ге жеткізіп, брифингке Ауыл ша­руашылығы министрі Асылжан Мамытбеков шақырылып отыр­ғанын айтты және лауазым иесіне микрофон ұсынды.
Министр журналистер алдында импорттық, сапасыз, техникалық регламенттерi сақталмаған азық-түлiк өнiмдерiнің бiздiң нары­ғымызға көптеп келетінін, ал олар­дың мұндай жетімсіздіктеріне тексеретiн органдар онша көңiл бөле бермейтінін назарға салып өтті. Бұл, деді министр, отандық тауар өндiрушiлерiмiзге тiкелей керi әсерiн тигiзiп отыр. Бiз қазiр Қазақстанға құс етiнiң 60 пайызын шет мемлекеттерден әкеліп тұтынудамыз. Бiздiң iшкi өндiрiсiмiз елдегi сұраныстың тек 40 пайызын қамтуда. Алайда құс етiн шығаратын өзiмiздiң қазақстандық фабрикалар елiмiзде өз өнiмдерiн сата алмай, есесіне тұтынушы сырттан жеткізілген тиісінше маркировкасы жасалынбаған, мемлекеттiк тiлде олардың техникалық регламентке сай болуы туралы ақпараттары жоқ, сапасы төмен, су мен фосфаттар қосылып, салмағы жасанды көбейтiлген, бірақ құны арзан алдамай өнімдерді сатып алуда. Бұл, әрине, бәсекелестiкке қайшы келетiн нәрсе.
А.Мамытбеков осының салдарынан отандық өндiрушiлердің бәсекеге төтеп бере алмай, «шық­па, жаным, шықпа» деп ілдалдалап күн көріп жатқанына қынжылыс біл­дірді. Міне, осындай елге де, кәсіпкерге де тосқауыл болып отырған келеңсіздікпен кү­рес мақсатында жақын күндерi ми­нистрлiктiң бастамасы бойын­­ша Индустрия және жаңа тех­но­­логиялар министрлiгiне қа­рай­тын метрология және техникалық регламенттердi ба­қы­лау комитетi мен Ауыл ша­руа­шылығы министрлiгi және санэпидемиологиялық комите­тiнiң бiрлескен рейдтерi өткi­зiлген.
Министрдің айтуынша, осы шара кезінде супермаркет, дүкен, базарларда осындай талапқа мүлде сай келмейтін өте көп тауарлар анықталып, көздерi жойылған. Соның арқасында еліміздегі құс өндiретiн фабрикалардың сауда көлемi бiр айдың iшiнде 30 пайызға дейiн артқан.
Ал енді халықаралық стан­дарттарға сай, отандастардың денсаулығына зиян келмейтін, сырттан сапалы тауарларды ғана кіргізуді жүзеге асырудың жолы қайсы? Бұл жайында министр Үкi­меттің Елбасына арнайы хат жазып, техникалық регламенттердi, өнiмдердiң сапасын тексеретiн арнайы мемлекеттiк орган құру жөнiнде ұсыныс жасап отырғанын жеткізді. «Тиiстi шешiм қа­был­данады деп ойлаймыз. Одан басқа, өнiмдердiң сапасын қадағалайтын мониторлық жүйе құру, оған қосымша зертханалар ашып, санын арттыру және басқа да кешенді түрде қарастырылатын iс-шаралар қабылданбақшы», – деді А.Мамытбеков.
Журналистер үшін аталған тақырып өте-мөте қызықты болып, министрге көптеген сауалдар қойылды. Оның ішінде заңды туған сауалдың бірі жоғарыда айтылған арнайы мемлекеттік органның қайда, қашан және қандай атаумен құрылатындығы жайында болды. «Аталған мемлекеттiк органның қашан құрылатындығын бiздiң министрлiк шешпейдi. Бiз ол тезiрек құрылса екен деймiз. Және бұл орган отандық қана емес, импорттық азық-түлiктiң барлық түрлерiн тексеретiн болады. Бұл импортпен күресетiн орган емес, тұтынушылардың мүддесiн қорғайтын орган болмақ. Сапасыз әрi арзан өнiмдерге тосқауыл болған кезде, ол отандық өндiрушiлердiң бәсекеге қабiлеттiгiн арттырады», – деп түйдi сөзiн А.Мамытбеков.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus