Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Ет экспортын дамытуға мүмкіндік мол

Ет экспортын дамытуға мүмкіндік мол

Бүгінде республика Үкіметі ет экспорты әлеуетін көтеру жөнінде түбегейлі шаралар мен жобалар белгілеп отыр. Мұндай іргелі қадамдар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі қара малы етін сыртқа көбірек шығаруға байланысты тапсырмасынан кейін жаңаша серпін алды. Бұл бағытта өте қысқа уақыт аралығында арнайы бағдарламалар қабылданып, соған сәйкес қажетті қаражат көздері қарастырылды.

Бұған қоса Елбасы Қазақстан таяудағы жылдарда қанша тонна ірі қара етін экспортқа шығара алатыны жөнінде де ашық мәлімдеді. Бұл деректі оқырмандар назарына тағы бір қайтара сала кетер болсақ, еліміз 2016 жылға дейін 60 мың тонна ірі қара етін экспорттауы керек. Шынтуайтына келгенде, бұл қалпақпен ұрып ала қоятындай жеп-жеңіл іс емес. Осы үлкен жобаға рес­публика өңірлері қандай үлес қоса алады?

Осындай басы ашық сауал­ға толық­қанды жауап табу мақса­тында Үкімет жанынан құ­рыл­ған арнайы комиссиялар өңір­лердегі жағдайлармен жан-жақты танысқаны да белгілі болып отыр. Ал Орал өңірінде осы орайда, Статистика агенттігінің жауапты хатшысы Бақыт­бек Иманалиев бастаған жұмыс тобы болып қайтты. Олар өз жұмыстарымен тексерулерінің қорытындылары бойынша Батыс Қазақстан облысында ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар мен мүмкіндіктер бар деген ұйғарымға келді. Яғни, жоғарыда айтылған тұтастай ел алдында тұрған алпыс мың тонна көлеміндегі межеге шақсақ, мұндағы батысқазақстандықтардың үлесі бес мың тоннаны құрамақ. Біз үкіметтік жұмыс тобының қаты­суымен облыс орталығында өткізілген кеңеске қа­тысқан едік. Сол кезде өзіміз ұқ­­қан-түйген мәсе­ленің мәнісі төмендегідей.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековтің айтуынша, биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, Орал өңірінде 415 мың ірі қара мал бар және бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру межеден шығуға мүмкіндік береді. Соған орай 12,5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдарын іске қосып, 200 фермерлік, 5 асылтұқымды жасақтаушы шаруашылық құрып, 5,3 мың бас шетелдік селекциялық мал әкелінбек.

Соңғы жылдары Зеленов, Жәні­бек аудандарында 2 мал борда­қылау алаңы салынды. Қазіргі уақытта құрылысы 2015 жылы жалғасатын 5 мал бордақылау алаңының құрылысы қолға алынды. Биыл аналық тұқымдық малды «ҚазАгро» холдингтің еншілес компаниясы арқылы сатып алу мәселесі шешілуде. Бұдан өзге 5 ауданға қосымша тұқымдық мал алу жайы қарастырылып отыр. Бүгінде облыс шаруашылықтарына жоғары өнімді етті бағыттағы 700 мал сатып алынған. Олардың басым бөлігі қазақтың ақ бас тұқымынан.

«Кроун Батыс» ЖШС борда­қылау кешенін толық қуаттылығына шығару мақсатында Үкімет тарапынан мал шаруашылығын субсидиялаудың жаңа бағытын, яғни тауар өндірушілердің 6-18 айлық бұқашықтарды бірінші деңгейіндегі бордақылау алаң­дарына өткізгені үшін 15 мың теңгеден субсидиялау бағдар­ламасы арқылы кешенді малмен толықтыру жұмыстары жүргізілуде. «Кроун Батыс» ЖШС бордақылау алаңы бұқашықтарды 1 келі тірідей салмақта 370 теңгеден қабылдауда. Бүгінде онда 1465 мал бордақылануда. Жыл басынан бері кәсіпорын 90 тонна сиыр етін өндіріп, соның 74,0 тоннасын немесе 82,0%-ын Ресей Федерациясына экспортқа шығарды.

Өткен жылы Жәнібек ауданы­ның «Әлем» ШҚ 146 тонна ет өндіріп, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына шығарды. Биылдың өзінде мұнда 200 ірі қара малы бордақыланып, етке өткізілді. Қазір 150 ірі қара малы бордақылануда. Алдағы уақытта «Әлем» ШҚ мал бордақылау алаңының жанынан ауы­сымына 15 тонна тоңазытылған ет өндіретін типтік жобадағы мал сою цехының құрылысы жоспарлануда. Ол Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының малын аталған кешенде сойып, еттің 50 пайызын экспортқа бағыттауға мүмкіндік беретін болады. Бұл жобаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландыру жоспарлануда.

«ҚазАгроӨнім» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Анас Баққожаевтың айтуынша, өңірдің ет экспортын дамытуға әлеуеті жеткілікті. Комиссия аудандардағы 12 шаруашылықты аралап, етті мал өсіру бағытындағы және мал бордақылау алаңдарының жұмыстарымен танысқан. Бағдарламалардың операторы «ҚазАгроӨнім» компаниясы болып табылатындықтан, облыстағы бірінші санатты мал бордақылау алаңдарын етті малмен толтыру, асыл мал сатып алу жұмыстарын осы еншілес компания атқарады. Басқосуда шаруашылық өкілдері бордақылау алаңына етті мал сатып алу бағасын өсіруді сұрады. Олардың пікірінше, «Кроун Батыс» мал бордақылау алаңына өткізілген малға есеп айырысуда жайбасарлық басым. Жиында көтерілген кейбір мәселелер «ҚазАгроӨнім» тарапынан қаралып, нақты шешілетін болады. «Кроун Батыс» мал бордақылау алаңына жас мал қабылданатыны, одан өзге кәрі малды қабылдап, ішкі нарыққа шығаруға болатыны да сөз болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығының айтуынша, «Кроун Батыстың» бордақылау алаңы инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында барлық мүлкі лизингтік несиеге кепілге салынған. Енді жекелер мен шаруашылықтардан өзге малды сатып алып, бордақылауға қаржы тапшы әрі банктерден несие алуға кепілзаты жоқ. «ҚазАгроӨнім» компаниясы бұл мәселені де көп ұзатпай шешіп бермек.

Аталған жиында облыс орта­лығында ет экспорты әлеуе­тін көтеру жөнінде дербес бағ­дарламалар мен ерекшеліктер болуы қажеттігі атап көрсетілді. Әрине, бұл жөнінде мемлекет тарапынан қаржылық тұрғыдан тиісті қолдау тетіктері жасалғаны белгілі. Ендігі мәселенің мәнісі, негізгі салмағы мен жүгі жергілікті атқарушы органдарға қарай ойысып келеді. Осы тұрғыдан алғанда биыл Ақжайық аймағындағы ет өндірушілер Ресейге шамамен екі мың тоннаға жуық етті экспорттауға бекем бел буған.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

журналист,

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus