Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Егінді әртараптандыру шаруаларға қажет әрі пайдалы: ол ауыл шаруашылығына тұрақтылық әкеліп қана қоймай, жердің құнарлылығын да арттырады – Қарағанды облысының тәжірибесі

Егінді әртараптандыру шаруаларға қажет әрі пайдалы: ол ауыл шаруашылығына тұрақтылық әкеліп қана қоймай, жердің құнарлылығын да арттырады – Қарағанды облысының тәжірибесі

image001 (12)
image002 (7)
image003 (1)
ҚАРАҒАНДЫ. 6 тамыз. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында егін шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдаудың жаңа амалдары қолданылуда. Дәл осы өңір алғашқылардың бірі болып бидай өндіруді субсидиялауды тоқтатып, азықтық дақылдарды өсіруді ынталандыра бастаған болатын. Облыс бастамасын Ауыл шаруашылығы министрлігі де қош көрген.

Осыған байланысты Бұқар жырау ауданындағы элиталық тұқым өндіруші шаруашылық болып есептелетін «Қарағанды өсімдік өсіру және селекция ҒЗИ» ЖШС (КНИИРС) базасында өткізілген арнайы Егін күні жемшөп өндіруді дамыту мәселелеріне арналды. Шараға өңірдің шаруашылық иелері, ғалымдар, ауыл шаруашылығы мамандары қатысты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өміряев те келді. Жиналғандар егістікте жемшөп өндіруді дамытудың мәселелері мен болашағы туралы өз ойларын ортаға салды.

Шараға қатысушылардың атап өтуінше, егін шаруашылығын әртараптандыру еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тығыз байланысты.

«Сиыр етін әлемдік нарыққа шығарушы негізгі елдердің қатарына АҚШ, Қытай, Аргентина, Австралия, Мексика, Еуропа одағы елдері, Канада және Ресей кіреді, олардың үлесі 64 пайызды құрайды. Ал басқа елдер нарықтың қалған 36 пайызын бөліседі. Бірақ, Қазақстан Республикасы солардың да қатарына іліге алмай келе жатыр. Осы жерде мынадай заңды сұрақ туады: неге атам заманнан бері мал бағумен айналысқан, әлем бойынша жайылым жерлерінің көлемі бойынша 5-інші орынды алып отырған мемлекет өзінің азық-түлік тәуелсіздігіне қол жеткізе алмай, бәсекеге қабілетті ет өнімдерін өндіре алмай отыр?» – деді жиналыс барысында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Қайрат Айтуғанов.

Оның айтуынша, мұның негізгі себептері елімізде әлі де болса жоғары өнімді мал тұқымдарының жоқтығы, сондай-ақ, олардың жемшөбінің сапасы мен асырау жағдайының төмендігі.

«Мал шаруашылығының өнімділігін арттыра алмаудың ең негізгі мәселесі малдың түрлі формалардағы меншікті шаруашылықтарға лайықты түрде орналастырылмауында. Біздің облысымызда мал өнімдерін өндірушілердің негізгі бөлігі жеке үй шаруашылықтары, олар еттің 60 пайызын, сүттің 64 пайызын өндіріп отыр. Соның өзінде, жемшөп дақылдары егілетін егіс жерлердің 72 пайызы ірі шаруашылықтардың иелігінде, 28 пайызы орташа фермерлік шаруашылықтарда. Ал жаңағы өз үйінде мал асырап отырған адамдардың иелігінде жемшөп дақылдарын өсіретін ұлтарақтай да жерлері жоқ», – деп атап өтті Қ. Айтуғанов.

Өңір басшылығы мал шаруашылығын дамыту үшін ең алдымен жемшөп өндірісін қолға алу керектігіне тоқталып отыр. Осыған байланысты жаңа стратегия жасалып, ауыл шаруашылығына деген мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары соған сәйкестендірілген.

«Егіс алаңдарын әртараптандыру және жемшөп дақылдарын өндіруге ынталандыру мақсатында елімізде тұңғыш рет Қарағанды облысы бидай өндіруге берілетін субсидияны алып тастады. Содан босаған 267,5 млн. теңге көлеміндегі қаражат азықтық дақылдарды өндіруге бағытталып, тек арпа мен сұлы егетіндерге 1 гектары үшін 2 000 теңгеден берілетін болады. Бір жылдық және көп жылдық шөптерді егу үшін 1 гектарына бөлінетін қаражатты 4 500 теңгеге дейін көтердік. Өткен жылдармен салыстырғанда субсидиялар сәйкесінше 9 және 3 есеге өсіп отыр», – деп түсіндіріп өтті Қ. Айтуғанов.

Биылдан бастап мәйекті мал азығын өсіруге 1 гектарына 9 200 теңгеден субсидия бөліне бастады. Облыстық бюджеттен көпжылдық шөп тұқымдарының 80 пайызы субсидияланатын болды. «Егер бидайықтың 1 тоннасының бағасы 450 мың теңге болса, шаруа оның тек 90 мыңын төлейді немесе 1 гектарға 900 теңге деген сөз», – деді ол.

Жаңа тәсіл өз жемісін де бере бастады. Биыл көпжылдық шөптерді егу былтырғымен салыстырғанда 2 есеге таяу, 12 мың гектардан 22,5 мың гектарға дейін өскен. Жыл соңына дейін бұл көлемді 50 мың гектарға дейін өсіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 143 мың гектар жерге құрама жемшөп дайындау үшін мал азығы дақылдары өсірілмек. Облыс басшылығының мәліметінше, Қарағанды облысының жер көлемі 42,8 млн. гектарды құрайды, оның 35,4 млн. гектары ауыл шаруашылығына арналған. Ал жемшөп дақылдарын өсіруге 10,5 млн. гектар жер бөлінген.

Болашақта тыңайған жерлерді қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Қолданыстағы жерлерді қайта қалпына келтіру бойынша ілкі жобаны Ақтоғай ауданында «Ақтоғай мал өнімдері» ЖШС мен КНИИРС іске асырып жатыр.

Ал облыстың элиталық тұқым өндіруші шаруашылықтарының алдына жемшөп өнімдерінің жоғары өнімді сорттарын тауып, өндіріп, көбейте түсу тапсырмасы қойылған.

«Қарағанды облысының климаттық жағдайлары мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы, сондықтан жемшөп дақылдарын жоғары деңгейде өндіру ауадай қажет. Көпжылдық шөптердің түр-түрі неғұрлым көбірек болса, малымызға беретін азығымыздың сапасы да соғұрлым жоғары болмақ. Дейтұрғанмен, барлық жағдай жасалған, алайда тұқым жетіспейді. Сондықтан бз қазір осы бағытта жұмыс атқарып жатырмыз», – деді КНИИРС директорының ғылым бойынша орынбасары Николай Ющенко.

Келесі жылы Нұра ауданындағы «Шахтерское» ЖШС мен Бұқар жырау ауданындағы «КНИИРС» ЖШС сияқты элиталық тұқым дайындаушы шаруашылықтармен бірлесе отырып, облыстың егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын арпа мен сұлының жоғары сұрыпты тұқымдарымен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынбақ.

Өз кезегінде шаруа қожалықтарының басшылары жемшөп өнімдерін өсіру бидай өсіруден артық болмаса, кем емес екенін түсінді.

«Егінді әртараптандыру деген өте дұрыс бағыт. Бұл мемлекеттің де, шаруалардың да мүддесі. Осы тұрғыда мемлекеттің көмегі жоғары бағаланады. Бұндай жаңалықты Қарағанды облысына баяғыдан-ақ енгізу керек еді. Біз биыл 2000 га арпа, 500 га бидай ектік. Онымыз дұрыс болды деп ойлаймын», – дейді Қазыбек би атындағы шаруа қожалығының басшысы Мұрат Әкенов.

Облыстағы егін шаруашылығын әртараптандыру жұмысындағы алда келе жатқан шаруашылықтардың бірі Осакаров ауданындағы «Найдоровское» ЖШС. «Сөздің шыны керек, біздің жағдайымызда бидай ең пайдасыз өнім болып тұр. Сондықтан егінді әртараптандыру шаруалардың өздеріне қажет. Ол ауыл шаруашылығына қыруар пайда әкелгенімен қатар, жер қыртысының тыңаюына да үлкен септігін тигізеді», – дейді аталған шаруашылықтың қожайыны Павел Лущак.

Бұл шаруашылық жер телімдерінің көп бөлігіне майлы, бұршақты, жемшөп дақылдарын егеді. Сондай-ақ, зығыр да өсіреді.

«Біз әуелі тары егуден бастағанбыз. Бұл өте пайдалы өсімдік, өнімі көп. Былтыр аз ғана жерге еккенбіз, биыл аумағын 2300 гектарға дейін ұлғайттық. Мемлекеттің қолдауы да жақсы – 1 гектарға 4500 теңге. Оған деген сұраныс тек облыс аумағында ғана емес, басқа өңірлерде де жоғары», – деп атап өтті П. Лущак.

Қарағанды облысының тәжірибесі өте бағалы деп есептейді ауыл шаруашылығы вице-министрі М. Өміряев. «Мал шаруашылығы мен жемшөп шаруашылығы екеуі бір-бірінен ажырамас бөлшектер. Қарағанды облысы жемшөп өндірудің жаңа қырларын көрсетіп отыр, сондықтан бұл бастаманы жан-жақты насихаттау қажет», – деп қорытындылады ол.

http://kazinform.kz/kaz/article/2579813

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*