Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар БІРЫҢҒАЙ ХОЛДИНГ АЯСЫНДА БІРКЕЛКІ ІСТЕР АТҚАРЫЛАДЫ

БІРЫҢҒАЙ ХОЛДИНГ АЯСЫНДА БІРКЕЛКІ ІСТЕР АТҚАРЫЛАДЫ

Астықты сатып алу бағасының қалыптасу механизмінен бастап, астық нарығы, отандық астық инфрақұрылымының жай-күйі, оның экспорттық әлеуеті мәселелері жайында Азық-түлік корпорациясының басшылары егжей-тегжейлі мәліметтер берді.

Биыл елімізде астық мол шығып, ауыл шаруа­шылығы мамандары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. 20 млн. тонна астық тартылып, орташа түсімділік бір гектардан 13,2 центнерді құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылы 8,4 центнерді құраған болатын. Енді жиналған мол өнімді желге ұшырмай, сапалы сақтау, қажетке жарату міндеті тұр. Қазақ­стандық астықтың 2011-2012 жылдардағы экс­порт­тық жағдайына көз жүгіртер болсақ, оның едәуір көп бөлігі, яғни 46 пайызы Орталық Азия мемлекеттеріне, 12 пайызы Әзірбайжан және 30 пайызы Қара теңіз портына жөнелтілген. Сондай-ақ, Ресейге, Қытайға және Иранға астық экспортталды.
Үстіміздегі жылы келісім-шарттың қатысушы­ла­рына көктемгі егіс және жинау жұмыстарын қар­жыландырудың басым қолжетімділігін, сондай-ақ күзгі кезеңде астықтың нарық бағасындағы кепілді өтімін қамтамасыз ету, астық сату және астық өндірушілері арасында кейіннен бөлу, астықты сақтау инфрақұрылымы мен экспорттық ауыстырып тиеу бойынша объектілерді құру және дамыту үшін Бірыңғай астық холдингі құрылғаны мәлім. Азық-түлік корпорациясының басшысы Нұрлан Оспановтың айтуынша, оның құрамына қазірде республикамыздың барлық аймақтарынан 200-ден 20 000 га астық егу аймағы бар шағын және орта шаруалардан тұратын 56 қатысушы кіреді. Қатысушылардың 36-сы Ақмола, 14-і Қостанай, 5-уі Солтүстік Қазақстан және 1-уі Павлодар облысынан. Басым бөлігі, яғни 75 пайызға жуығы егістік алқабы болса, 5 мың гектары шағын шаруашылық. Сондай-ақ Бірыңғай астық холдингіне кіруге ниет білдірген 36 шаруашылықтың өтініші қарас­тырылуда.
Қазіргі уақытта бірыңғай астық холдингі аясында логистикамен және инфрақұрылымдық жұмыс­тармен айналысу жоспарлануда. Бұл ретте Иран бағытында астықты тиеуге қажет қосымша қуат көздерін салу, Қытай бағытын құру, Орталық Азия бағытында астық тиеу терминалын құру тиімділігін қарастыру көзделген. Н. Оспановтың айтуынша, кор­порация жаңа инвестициялық бағдарламаларды жеке секторды тарта отырып іске асыруға мүдделілік танытуда.
Белгілі болғанындай, жыл аяғына дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі «Аймақтандыру картасын» жасап, бекітуді жоспарлап отыр. Ондағы мақсат – ел аймақтарын зерттеп, әрбір өңір бойынша жекелеген өнім түрлерін өндіруді ұсыну. Мәселен, Ақмола облысында топырақтың құнарлылығы, климат шарттары ескеріле отырып, әртараптандыруға келмейтіндіктен, аумақта бидай мен арпа өсірілетін болады. Солтүстік Қазақстанда бидай мен арпадан басқа майлы және бұршақ дақылдарын өсіру мүмкін болса, Қостанай облысының бір бөлігінде астық, екінші бөлігінде басқа да дақылдар егу ұсынылуда. Бұл ретте Ауыл шаруашылық минис­трлігі «ҚазАгроИнновация» АҚ-мен бірлесе әрбір аймақ­тың өз ерекшеліктерін жеке-дара қарас­ты­рып, зерттеп, өнімді әртараптандыру жұмыстары бойынша ұсыныстарын жасамақ. Бұл шара ауылшаруашылық өнімдерін әртарап­тан­дыру бағытындағы нақты қадамдардың бірі болып отыр.
Былтырғы жылдың қараша айынан бастап жүр­гі­зілген тексерістер нәтижесінде корпорацияның қой­­маларында астық жетіспеушілігі орын алды. Түген­деулер мен өлшеулер жүргізу барысында бес астық қоймасында жетіспей қалған астықтың жиынтық көлемі 31,6 мың тоннаны құраған. Н. Ос­панов астықтың сапасы мен сақталуын қам­тамасыз ету барысында корпорацияның ықы­ласымен мемлекеттік бақылаушы органдар мен құқық қорғау органдары 434 рет тексеру жұ­мыс­тарын жүргізгендігін атап айтты. Қазір осы қоймалардың бұрынғы директорларына қатысты қылмыстық іс қозғалып, шығынды өтеу бойынша шаралар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта республикамыз бойынша жалпы сақтау сыйымдылығы 13,9 млн. тоннаны құрайтын 214 лицензияланған астық қабылдау орын­дары бар. «ҚазАгро» ұлттық холдингі бойынша 494,5 мың тонна астық сақтау қуаттылығы бар 25 астық сақтау қоймаларының құрылысы қаржы­ландырылса, 198 мың тонна сыйымдылығы бар 5 жоба қазір қарастырылу үстінде. Сондай-ақ «Астық қоймалары» ЖШС биылғы жылдың жаңа өнімін қабылдауды жалғастыруда. Осы уақытта онда 183 790 тонна астық қабылданды, 81 152 тонна астық кептіріліп, 29 672 тонна астық тиелді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus