Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Бейне Қазақстан биыл 7 млн. тонна астық экспорттайды

Қазақстан биыл 7 млн. тонна астық экспорттайды


Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков биыл сыртқа шығарылатын астық көлемі шамамен 7 млн. тонна көлемінде болатынын айтты. Оның пікірінше, экспорт болжамы ойдағыдай орындалады. Кез келген экономикалық ықпалдасу сауда айналымын жақсарады. Бірақ біздің мақсатымыз өзіміздің дәстүрлі тұтынушыларымызға оңтайлы жағдай туғызу екенін жеткізді министр.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Темiржол және өзге де тарифтердің бiрiзділігін ескерсек, Қазақстандық астықтың Қара немесе Балтық теңiздерiнде бәсекеге қабiлеттi болуына мүмкiндiк көп. Бiрақ Қара теңiз бен Балтық теңiзiнде астықты саудалау бiздiң мақсатымыз емес. Бiздiң стратегиялық мiндетiмiз — астықты бiздiң дәстүрлi нарықтарымызда сату және өзiмiздiң тұтынуымызға қажеттi көлемде өндiру үшiн астықтың егiс аумақтарын оңтайландыру.

2013 жылы Қазақстан әлемнің 20-дан астам еліне құны 1,2 млрд. долларға тең астық экспорттаған. Мәселен, Ресейге 1 млн-ға жуық, Әзірбайжанға 927 мың, Өзбекстанға 737, Тәжікстанға 651, Иранға 615, Қырғызстанға 336, Түркияға 191, Грузияға 171, ал, Қытайға 124 мың тонна астық жөнелтіпті. Ықпалдасу үдерістері айырбас сауданы жүргізуге мүмкіндік береді. Сондықтан қазіргi уақытта Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен айырбас сауда мәселелерi талқыланып жатқанын жеткізді Асылжан Мамытбеков.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
-Мәскеулiктер жылына 2 млн. тонна астықты тұтынады. Мәскеуге астық Ресейдiң оңтүстiк өңiрлерiнен жеткiзiледi. Оған кететiн темiржол шығындары шамамен 30 мың долларды құрайды. Мәскеуге астықты бiздiң жеткiзуiмiз және айырбас сауданы жүргiзу әлдеқайда тиiмдi. Ықпалдасу үдерiсi мұндай сауда келiсiмдерiн iске асыруға мүмкiндiк бередi.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруа шылығы министрлігі Қазақстанның бидай, бұршақ және майлы дәнді-дақылдарын Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне экспорттауға жағдай жасауды қолға алды. Астық жөніндегі халықаралық кеңестің мәлімдемесіне сүйенсек, бір ғана Қытайдың өзі сырттан жылына 3-тен 8 млн. тоннаға дейін астық импорттайды екен. Сондықтан Қазақстан астығын Қытайға, сол арқылы оңтүстік шығыс азия елдеріне жеткізу Қазақстанның астық экспорты нарығын ұлғайтуға зор мүмкіндік болмақ. Сондай-ақ Қазақстан Қытаймен шакаралық аймақта астық терминалын салуды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстан астығын Қытай мен Шығыс Азия елдеріне еш кедергісіз жеткізуді қамтамасыз етпек.

Тілші: Жандос Жұмабек
Оператор: Жасұлан Шәкенов

http://khabar.kz

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus