Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының күретамыры

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының күретамыры


2050 жылға қарай ел ІЖӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесін 5 есеге, 2020 жылға қарай аталған саланы мемлекеттік қолдауды 4,5 есе арттыру керек. Бұл Елбасының биылғы жолдауындағы басты тапсырмаларының бірі. Осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Биыл ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыратын “Сыбаға” бағдарламасының жаңа бағыты іске қосылмақ. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы өнімдерін әртараптандыру қолға алынды. Өнімділік сапасын арттыру үшін жаңа технологиялар қолданысқа енгізілуде.

Свердлов ауылының бақташысы Базарбай Мәкішовтің қарамағында бұзау-торпағын қосқанда үш жүз бас зеңгі баба тұқымы бар. Табынның дені – қазақтың ақ бас сиыры. Ішінара қалмақ тұқымы да кездеседі. Торпақтар күніне орташа 700-800 граммға дейін салмақ қосады. Сиырлар семірген сайын бақташының еңбекақысы да еселеніп отырады.

Базарбай МӘКІШОВ, БАҚТАШЫ:
-Привесіне қарай төлейді, көп болса көп төлейді. Енді бағуға тырмысамыз привес болсын деп.

Шаруашылық асылтұқымды мал басын көбейтіп, жем-шөбін дайындап, бордақылап, сапалы ет өткізгені үшін түрлі субсидиялар алады. Серіктестік 2012 жылы мемлекет тарапынан 27 млн теңге көлемінде қаржылай жәрдем көрген. Қазір мұнда 2200 ірі қара болса, соның 970-і аналық бас. Сиырды төлден өсіріп сатуға ден қойылған.

Нұрлан ЕСЕНОВ, ШАРУАШЫЛЫҚ БАСШЫСЫ:
-3-4 жыл бұрын жылына он бас сататынбыз. Биыл жарты жылдың ішінде жүз бастай саттық. Жаңа программа «Сыбағамен» біздің облыстың жұмыскерлері келіп алады. Басқа облыстан да келіп, алып жатыр.

«Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде республика бойынша 2011-2012 жылдары 115 мың аналық бас сатып алынған. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы 2011 жылы іске қосылған болатын. Биыл “Сыбаға” бағдарламасының жаңа бағыты жүзеге асырылмақ. Бұл бастама жылқы, қой және құс шаруашылықтарын жандандыруға серпін береді деп жоспарланған. 1990-2000 жылдары ауыл шаруашылығын реформалауда жіберілген кемшіліктер салдарынан еліміздегі мал саны күрт кеміген еді. Алайда, соңғы жылдары сиыр саны – 17 %, қой – 4 %, жылқы – 10% өскен. Аталған саладағы тағы бір басым бағыт – егіс алқабын ұлғайту және ауылшаруашылығы өнімдерін әртараптандыру. Биыл 18,6 млн гектарға дәнді дақыл мен жем-шөп егілді. Есесіне, қант қызылшасы алқабы екі есеге кеміген. Мамандар мұны суармалы жердің аздығымен және қант қызылшасын себу технологиясының қиындығымен түсіндіреді. Жұмысы және шығыны көп мақта алқабы да азайған. Дегенмен, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ғалымдарының жаңалығы ақ алтын түсімін еселеуі тиіс.

Дүйсебай ІЗБАСАРОВ, «ҚАЗАГРОИННОВАЦИЯ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
-Қазақ мақта шаруашылығы ҒЗИ ғалымдары Оңтүстік Қазақстан облысында 25 мың гектар егістік алқапта топырақ қабатын аудармай 55-56 см тереңдікпен жырту технологиясын енгізді. Осының нәтижесінде ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер дәстүрлі технологиямен салыстырғанда 1,5-2 есе көп көлемде мақта өндірді.

Сондай-ақ, ғалымдар егістік алқаптарда су жұмсау көлемін 1,5 есеге азайтатын күріштің ауыспалы егісіне арналған суару технологиясын ойлап тапқан. Ал, тұқым шаруашылығын дамыту үшін Қазақ картоп және көкөніс ҒЗИ базасында Алматы облысында оңтүстік корея технологиясы бойынша картоптың вируссыз шағын түйнектерін өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Жаңа технология тұқым өндіру уақытын қысқартып, өнім сапасын арттырады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында да өзгерістер бар. Мәселен, ет консервілерін өндіру – 44,8%, өсімдік майлары – 24,5%, өңделген сүт – 11,1%, кондитерлік өнімдер – 9,7%, ұн өндірісі – 4,5% өскен. Ал, қант өндірісі – 37,7%, құрғақ сүт өндірісі – 30,5%, шырындар – 16,4%, көкөніс консервілері – 31,6% кеміген.

Шәймерден АХМЕТОВ, ҚАЙТА ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІН ЖӘНЕ АГРАРЛЫҚ АЗЫҚ-ТҮЛІК НАРЫҒЫН ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
-2012 жылы қайта өңдеу өнімдерінің экспортының көлемі 4 млрд 57 млн долларды құрады. 2011 жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға жоғары. Жалпы тауар айналымын алып қарайтын болсақ, 2011 жылмен салыстырғанда оң тенденция байқалып отыр.

Ауыл шаруашылығы – еліміздің экономикалық әлеуетін көтеретін маңызды сала. Қазақстанның кең байтақ жері егіс алқабын ұлғайтып, мал шаруашылығын дамытуға әбден қолайлы. Осы орайда бағдарламалар жеткілікті. Оларды жүзеге асыруға билік пен халық жұмыла кіріссе, жүктің ауырлығы байқала қоймас.

Тілшілер: Гүлмайра Қуатбайқызы, Мағауия Қалиев
Операторлар: Рүстем Рүстемов, Сергей Трахтанберг

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus