Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар АТЫРАУДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

АТЫРАУДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

«Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына Жолдауында болашақта елде дамытуды қажет етіп тұрған он басым бағытты айқындап берген болатын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан тура бір жыл бұрын өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына Жолдауында болашақта елде дамытуды қажет етіп тұрған он басым бағытты айқындап берген болатын. Соның екінші бағыты – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Бұл тапсырма мұнайлы өлке – Атырауда биыл айрықша орындалды. Соңғы жылдары облыста даму қарқыны баяулаған ауылшаруашылығы саласында биыл ауыз толтырып айтарлықтай өсім бар. Атыраулық шаруалар күзгі жиын терін маусымын табысты аяқтап, мол өнімге қол жеткізді. Бұл туралы Атырау облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мәлімет беріп отыр.
Ауыл шаруашылығы қызметі – ел экономикасының бір бүйірін толтыратын толағай сала десек, қателеспейміз. Ата кәсіп пен жаңа кәсіптің алуан түрін астастырып, қарқында дамып келе жатқан ауыл шаруашылығы ел байлығының қайнар бұлағы екені даусыз. Алтын бесік ауылдың әлеммен біте қайнасып, бүгінде экономикалық айналымдардың бел ортасына білек сыбана кіріскені белгілі. Ауыл шаруашылығының шаш етек пайдасын ерте ұғынған мемлекеттер оны дамытуға теңдессіз күш салуда. Тәуелсіз Қазақ елі де ауылдың күш-қуатын арттырып, мәртебесін асыруға үлкен мән беріп отыр. Өйткені, ауылдың ажары – елдің ажары.

Дархан даламыздың дәулетін тасытып, ауылдарымыздың дәуренін шалқытуда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің де дамылсыз еңбегі зор екендігі белгілі. Күздің соңғы күндерінде Атыраулық шаруалар кәсіби мерекелерін атап өтіп, ала жаздай атқарған жұмыстарын қорытындылады.

Елбасы жолдауындағы жаһандық он сын қатердің бірі – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер. Бұл туралы Үкімет пен облыс әкімдеріне агроөнеркәсіп кешені саласын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бұл тапсырмалардың қатарында әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру мақсатында егістік түсімін жаңа технологиялар енгізе отырып ұлғайту бар. Облыста Елбасының осы тапсырмаларынан туындайтын жұмыстар оң нәтиже беруде.

«Агробизнес – 2020». Бағдарламаны дамытуға мүмкіндік мол

Қазір Атырауда сегіз жыл мерзімге есептелген кешенді бағдарлама аясында ауыл шаруашылығын, ауылдағы өндірісті жан-жақты өрістету басты назарда ұсталынған.«Агробизнес-2020» бағдарламасы ағымдағы жылғы қаңтар айының 21-інде өткен облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кеңесінде талқыланып, шаруагерлер тарапынан жан-жақты қолдау тапты. Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасымен ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге 3 трлн 1 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл бұрын-соңды болмаған көмек. Үстіміздегі жылы Атырау өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барлығы 3,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл көрсеткіш өткен жылы 2 млрд 712 млн теңгені құраған болатын. Биылғы бөлінген қаржы облыстың мал, егін шаруашылығын дамытуға, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, инвестициялық басым жобаларды іске асыруға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы шикізатын тереңдетіп қайта өңдеу өндірісіне бағытталған.

Айта кету керек, 2012 жылы облыстағы шаруашылықтардың мал азығын дайындауға жұмсаған шығындарының 50 пайызы бюджет есебінен субсидия түрінде өтелген болатын. Осы мақсатта 143 шаруашылыққа жергілікті қазынадан 189 млн теңге бөлінсе, биыл 182 млн теңге қаражат қарастырылып отыр.

Атырау облысында климаттың қатаңдығына қарамастан, қазірдің өзінде егістік көлемін, мал басын арттыру, сүт фермаларын ашу, сапалы мал азығын дайындау, суару-суландыру жүйелерін жаңғырту сияқты бірқатар жобалар қолға алыныпты. Облыстағы асыл тұқымды мәртебесі бар 20 шаруашылықтың 10-ы жаңа талаптарға сәйкес қайта тіркеуден өткен. Алайда, мұндағы асыл тұқымды мал басы әлі де көбейтуді қажет етеді. Сондықтан, асыл тұқымды малдың генефондын сақтау және мал басының санын арттыру мақсатында өңірлік арнайы бағдарлама жасақталып, мал түрлерінің әрбір аналығын өсіргенге кететін шығынды өтеуге жергілікті бюджеттен 145 млн теңге субсидия бөлініп, игерілген.

Егін шаруашылығын қолдау бағытында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жергілікті бюджеттен 197,7 млн теңге субсидия берілді. Жанар-жағар май және басқа да тауарлық материалдық құндылықтардың құнын арзандатуға – 62,4 млн теңге, жеміс-жидек дақылдарын отырғызуға, күтіп-баптауға – 22,7 млн теңге, минералды тыңайтқыштар сатып алуға – 20,2 млн теңге,673 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды. Су жеткізу қызметі бойынша – 92,3 млн теңге 14 809,55 мың м3 су жеткізілді.

Жиналған өнім қойманы толтырды

Жергілікті ауылшаруашылығы өнімдері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Атыраудағы сыйымдылығы 11 мың тоннаға жуық көкөніс сақтау қоймасының 80 пайызы жергілікті өнімдер. Биыл ауылшаруашылығы субьектілеріне мемлекеттік қолдау нәтижесінде және облыс басшылығының жіті бақылауымен осындай нәтижеге қол жеткізілді. Күзгі егіс науқанынан кейін жергілікті ауылшаруашылығы өнімдерін сатып алуға қазынадан 209,3 млн. теңге бөлінді.

Бүгінде Атыраудағы ауылшаруашылығы өнімдерін сақтау қоймасында жұмыстың қызған шағы. 11 мың тоннаға тартатын көкөніс қоймасына жергілікті ауылшаруашылығы қожалықтарынан қажетті өнімдер әкелінуде. «Атырау» әлеуемттік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы облыстың 17 шаруашылық субьектісімен фьючерлік келісім-шарт жасалынған. Келісім бойынша қоймаға 3 мың тонна картоп, 420 тонна сәбіз, 1700 тонна пияз, 50 тонна қызылша және 250 тонна қырыққабат қабылдануда. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ауылшаруашылығы өнімдерінің дені жергілікті өнімдермен толығуы да артық шығынға бой алдырмайтын болды. Және баға тұрақтылығын да толыққанды қамтамасыз етпек. Сондай-ақ, қойма жанындағы жылыжайда өсірілетін қияр, қысқы мезгілде атыраулықтарға өзіміздің арзан көкөнісін ұсынбақ;

Егістік көлемі еселенді

Биыл Атырау қаласы, Индер, Махамбет, Құрманғазы аудандарында картоп егістігінің көлемі бұрынғы 57-ден 940, ал көкөніс дақылдары 300-ден 1600 гектарға ұлғайтылған. Келер жылы аталған дақыл түрлері бойынша бапталатын егіндік алқаптардың аумағын 1500-2000 гектарға жеткізу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және тұрғындарды жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында «Атырау» ӘӘК ҰҚ» АҚ-мен екіжақты жасалған фьючерстік келісім-шарт негізінде осы жұмыстарды уақтылы атқаруға жергілікті бюджеттен 209,3 млн. теңге қаржы қаралған. Қорытындысында, 17 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен арадағы келісімге сәйкес, күзгі жиын-терімнің соңында 3000 тонна картоп, 1700 тонна қызылша, 250 тонна қырыққабат және 50 тонна қызылша тапсырылды. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табады. 2014 жылы картоп егу көлемін 1 500 гектарға, көкөніс егу көлемін 2 500 гектарғадейін жеткізу міндеті тұр.

Жаңа жобалар ел игілігі үшін

Бүгінде мұнайлы өңірде ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, егін көлемін жылдан жылға ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінуде. малдың өнімділігін арттырудың бір бағыты – сапалы мал азығын дайындау мақсатында Махамбет ауданындағы «Первомайский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2 миллиардтан астам теңгеге голландиялық технологиямен жабдықталған, тәулігіне 10 тонна сүт өңдейтін зауыт пен 500 бас голштино-фриз асыл тұқымды мүйізді ірі қара өсіретін ферманың құрылысы жүруде. — -Кешен аяқталған кезде тұрғындарды жергілікті сүт өнімдерімен қамтамасыз ете бастаймыз, – дейді, серіктестік директоры А.Есқариев.

– Бұл кешеннің ерекшелігі сол сүтті сиырлар сыртқа жайылмайды, стоилода тұрады, сондықтан бұларға қажетті жағдай жасалуда, қоректік заттар әзірленуде. Жүгері егіледі, келер жылы жоңышқа егіледі. Бұл жерде негізінен 500 басқа арналған қора, бұзауға арналған 2 қора, сүт сауатын блог, сауған сүттен тағам жасайтын зауыт болады,- дейді шаруашылық иесі.

Кешен жұмысын бастаған соң зауытта күніне 12 тонна сүт қабылданып, одан 12 түрлі сүт тағамдары өндіріледі. Жақын арада облыстағы дүкен сөрелеріне отандық сүт, айран, йогурттар мен сүзбелер шығарылып, халықтың сүт өнімдеріне деген сұранысының 30 пайызын осы кешен өтейтін болады.

Тағы бір жоба – Сарайшық селосындағы «Розметова.Т» шаруа қожалығының базасынан 430 млн.теңгеге 600 басқа арналған ешкі сүтін өндіру және өңдеу кешенінің де құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. «Сарайшық» аталатын ешкі сүтін өңдейтін зауыт құрылысының қазір 70 пайызы аяқталған. Мұнда алғашында Венгрия мен Сербиядан 300 бас ешкі әкелінеді. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш екі есеге көбейетін болады. Кешен 5 нысаннан тұрады. екі ешкі өсіру базасы, 1 сауын цехы, сүтті өңдейтін және мал азығын дайындайтын цехтарға қоса мал сою орны болады. Елбасы тапсырмасымен қолға алынған бұл үлкен жоба, ешкі сүтін өңдеу бағыты бойынша еліміздегі алғашқы жобалардың бірі екенін айтады шаруа қожалығының басшысы В.Розметов. Желтоқсан айының ортасында тапсыратын нысанда 70 адам еңбек етіп жатыр, 15 техника жұмылдырылған. Нысан іске қосылған соң мұнда жергілікті 45 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Атырау облысының ауылшаруашылығы саласындағы тағы бір басты жаңалық – жаңа технологиялар кеңінен енгізілуде. 2007 жылы тамшылатып суару тәсілі 74 га жерге қолданса, биыл жергілікті бюджеттен және қаржылық даму институттары арқылы қосымша 200 млн теңге қаржы бөлініп, суару тәсілі 653 гектарға дейін ұлғайған.

Тамшылатып суару әдісін 2014 жылы 800 гектарға, 2015 жылы 1 000 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Осы арқылы облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тамшылатып суару әдісін кеңінен қолдануға жол ашатын болады. .

«АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының 2007 жылы отырғызған 24 гектар алма ағашынан, өткен жылы 300 тонна өнім алынды. Күні бүгін облыс бойынша отырғызылған алма ағашы 283 гектарға дейін ұлғайды. Болашақта да осы қарқынды сақтауды, яғни 2014 жылы өңірдегі алма бағын 350 гектарға жеткізу жоспарланған.

Облыста ауылшаруашылығы саласын одан әрі дамытуға кедергі болып тұрған басты мәселе -аудандардағы егістікті суландыру жүйелерінің әбден ескіргендігі. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері пайдаланылып келе жатқан жүзбелі насостар әбден ескірген, тозығы жетіп тұр. Әсіресе, егінді суаратын каналдардың жайы сын көтермейді. Облыстағы жері құнарлы, төрт түлік пен егіннің орталығы саналатын Махамбет ауданындағы жалпы ұзындығы 835 шақырымдық 9 каналдың 522 шақырымы аудан көлемінде орналасқан. Бүгінде оның тек 230 шақырымы ғана жұмыс жасап тұр. Егін егетін шруашылықтардың басым бөлігі Нарын, Бақсай, Сарыөзек, Құрсай каналдарының бойында орналасқан. Қазіргі күні жөндеуді қажет етіп тұрған каналдарға қажетті қаржы есептелген. Ол 1303.9 млн. теңгені құрап отыр. Мәселемен қанық облыс басшысы бір алқалы жиында жағдайдың біртіндеп жақсаратындығын айтқан болатын. Биылдың өзінде аудандағы «Тереңөзек» және «Алға-Егіз» каналдарына жаңадан су насостарын жасатуға жергілікті бюджеттен 34 млн теңге бөлініп, қаржы игеріліпті.

Ветеринариялық қызмет құрылымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, ауыл шаруашылығы мақсатына берілген жер телімдерінің игерілуі мен түгенделуі төңірегінде де облыста біраз шаруалар атқарылды. Жергілікті жердегі малдәрігерлік қызметпен айналысатын, селолық округтерге қарасты ветеринар-мамандардың барлығына биыл 80 арнайы қызметтік автокөліктер алынып берілген.

Бұған дейін де айтылып жүрген, оның үстіне Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасында пысықталған, ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылмай, бос жатқан жерлерді түгендеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Облыста жалпы көлемі 2 млн. гектар жер телімі түгендеумен қамтылды. Нәтижесінде, 275140 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жаңадан құрылған 144 шаруа қожалығына 176974 гектар аумақтағы жер телімі берілген.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus