Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Асулардан асқан агрофирма

Асулардан асқан агрофирма

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, өңірдегі әлеуметтік- экономикалық реформалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше жұмыс бабындағы сапармен Це­лино­град ауданындағы «Родина» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, еліміздегі озық шаруа­шы­лықтың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Мемлекет басшысын родиналықтар ашық-жарқын құшақпен қарсы алып, күні кеше атап өтілген Тұңғыш Президент күнімен көзбе-көз құттықтау мүмкіндігі туғанына риза­шылық сезімдерін білдірді.

Елбасы Н.Назарбаев пен оның жанындағы ресми адамдар алдымен агрофирманың мемлекеттік үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы шең­берінде бой көтерген сүт зауытына атбасын тіреді. Серіктестікте 2007 жылы қанатқақты жоба не­гізінде сүт-мал шаруашылығы кешені құрылып, жаңадан 20 жұмыс орны ашылды. Осы жылы Канададан 752 бас Голштейн-фриз тұқымды ірі қара мал сатып алынды. Қазір оның саны 2500 басқа жетіп, асыл тұқымды зауыттағы әр сиырдан алынатын жылдық өнім 7200 литрге жеткен. Түбінде шаруашылықтағы барлық мал осы тектес сиырлардан құралатын болады.

Селекциялық сұрыптау жұ­мыстары, малды өз төлі есе­бінен өсіру қадамдары бұл мақсаттың орындалатынына шәк келтірмейтіндей. Ин­но­вациялық технологияны ұс­танатын кешендегі бүкіл жаб­дық Германиядан алдырылса, өндірісті автоматтандыру, компьютерлік басқару мен бақылау жұмыс өнімділігін арттырып отыр. Мәселен, «Карусель» тектес айналмалы қондырғы 12 минутта 50 сиырды сауып шығуға мүмкіндік береді. Жалпы, мұнда өндіріске инвестиция құю бірінші кезектегі мәселе саналып, қаржыны орынсыз қысып қалу қайтарымды әлсіретеді деген ұғым қалыптасқан. Яғни, тиімді бизнес арқылы кәсіпорынды дамытудың стратегиялық бағдарламасы болашақтың өскелең талабынан өзек тартады деуімізге болады.

Жоғарыда атап көрсетілген заманауи қайта өңдеу зауыты 2012 жылдың тамыз айында пайдалануға беріліп, оның құрылысына 762 миллион теңге жұмсалған. Мұнда шаруашылықтың өз қаржысымен қоса, «ҚазАгроҚаржы» АҚ әріптестік қолдауы айтарлықтай демеу болғаны анық. Кәсіпорын бүгінгі күні тәулігіне 25-30 тонна сүт өңдеп, өтімді тауардың жиырмаға жуық түрін шығаруда.

Біздің шаруашылық табиғи шикізатты бірінші кезең сатысында өңдейтіндіктен, өзге әріптестерге қарағанда елеулі артықшылық жағдайда, – деді Елбасына кәсіпорын қыз­меті жайлы баяндаған «Ро­дина» агрофирмасы» ЖШС бас технологі Константин Бань­щиков. – Біздің ұстанымымыз – тұтынушыларға қоспасыз өнімдер ұсыну, технологиялық та­лаптарды қатаң бақылау, өн­ді­рістің жоғары мәдениеті, өнімді қолжетімді бағамен базарлау. Зертхананың күн сайынғы тексерісінен тысқары облыс, аудан, тіпті, Астана қаласындағы мекемелерде қосымша сараптама зерттеулер жүргізіледі. Тұ­тынушы талғамындағы жеті түр­лі өніміміздің құрамында май, белок, көмірсутегі, оның жұғымдылығы сияқты нормалы сұраныстар қамтамасыз етіліп, әр өнімнің ерекшелігіне сай 3,2-ден 7,5 пайыздық май­лылық дәрежесі ұсталады және дәрумендердің бай қоры сақ­та­лады. Тоңазытқыштармен жабдықталған авторефрижера­торлар айрықша маңыз артылатын тасымал ісін алаңсыз ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сүтті қайта өңдеу желісіндегі жұмысшы-операторлардың барлы­ғының арнайы сертификаты бар. Ұжымдағы 22 адамның кәсіби біліктілігі жоғары. Соған сәйкес, олардың айлық орташа табыстары 80 мың теңгеден төмендеген емес.

Жергілікті мамандар табыс кепілі сапада екендігін алдымен тілге тиек етеді. Қазіргі таңдағы ең жоғары өндірістік баға – «Алтын сапа». Родиналықтар 2006 жылғы республикалық бірінші байқауға қатысып жеңімпаз атанса, 2010 жылы да мерейлері үстем болып, екінші рет алтын медаль және алтын кубокпен марапатталды. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің «Қараөткел» көрмесінің қорытындысымен үш мәрте «Алтын белгі» медалі мен дипломына да ие болды. Салалық министрліктердің, тұтынушылар мен әріптестердің алғыс хаттары қаншама. Бұл жай ғана көр­сеткіш емес, баршамыздың бас­ты мақсатымыз саналатын сұ­раныстың өскендігі, маңдай тердің ақталғандығы, еңбектің жан­ғандығы, жалпыхалықтық мойындау, алғыс-рахмет деп тоқтаусыз толғануға тұрарлық бағам.

Басты тұтынушы – талғамы биік Астана тұрғындарының ниет-тілектерінен таратып, нақтырақ сөйлелік. Агрофирма соңғы үш жылда елорда дастарқанына 4000-нан 5200 тонна аралығында сүт өнімдерін жеткізіп отырған. Мұның барлығы бас қаланың 200-ден астам дүкенінде сатылып, 50 мектеп пен балалар бақшасының, 10 денсаулық сақтау мекемесінің игілігіне жаратылыпты. Астананың азық-түлік белдеуін толықтыру, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы мерейлі жүктің жауапкершілігіне адалдықты аңғарамыз бұдан. Облыс орталығы мен аудандар тұрғындары да родиналықтарға абырой, табыс тілеп отыратыны сүйінішті.

Сапа дегеніңіз осы. Шаруа­шы­лыққа 2010 жылы Гольштейн тұқымды ірі қара өсіруге ба­ғытталған асылтұқымды зауыт мәртебесі берілген. Серіктестік өнімінің барлығы СТ РК ИСО 9001-2009 сапа менеджменті жүйесімен сертификатталған. Азықтық тауарлардың қауіпсіздігі жөніндегі СТ РК ИСО 22000-2006 және СТ РК 1733-2007 сертификаттары талаптарына сай сүтті 120 сағат, ал айран, қаймақ, сары май, сыр, ірімшік пен сүзбені 7 тәулік бойы алаңсыз сақтай аласыз. Айналып келгенде, жоғарыда аталған сертификаттар жиынтығы барлық өндірістік және басқару үдерістерін халықаралық ISO 9001:2008 стандарттары талабында жүргізуге кепілдік береді.

– Сіздің тапсырмаңыз бой­ын­ша өңір Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруға белсенді түрде қатысуда, – деді Елбасына осы мәселе жөнінде баян еткен облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов. – Бастама қолға алынған 2009 жылдан бері 45 миллиард теңгенің 75 жобасы жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде елорда тұрғындарының сұранысы ет және ет өнімдері бойынша 41 пайызға, сүттен 45 пайызға өтеліп отыр. Жұмыртқа мен құс еті жөнінен көрсеткіш бұдан да жоғары. Мұның өзі қосымша мүмкіндіктердің молдығын айқындайды. Қазір біз жыл аяғына дейін тағы да 5 жобаны іске асыруды қамтамасыз етпекпіз.

Соңғы екі жылда облысқа шет­елден 11 660 бас асылтұқымды ірі қара жеткізіліп, жаңадан 16 асылтұқымды шаруашылық құрылыпты. Яғни, республика бойынша сатып алынған түліктің үштен бірі өңір малшыларының үлесінде. Жергілікті жағдайға бейімделген малдан былтыр 6 685 бас төл алынса, биылғы жылы оның саны 10 000-ға же­тіп отыр. Сондай-ақ, етті мал ша­руашылығын үдемелі түрде да­мыту және тауарлық өндірісті ынталандыру мақсатында рес­пуб­ликалық бюджеттен 2012 жылы бөлінген 2 миллиард теңге жәрдемақы толығымен игерілді. Биылғы жылдың еншісіндегі 3 миллиард теңгеден артық қаржы шаруашылықтар сұранысына ба­ғытталуда. Мұның өзі ауыл тұр­ғындарын жыл он екі ай бойы жұ­мыспен қамтуға, қайта өңдеу салаларын дамытуға қолайлы әсер етуде.

Шаруашылық басшылары осындағы үш ауылдың тұрғын­да­рына қала тұрмысына мейлінше жақын қолайлы жағдайлар туғызуға ұмтылатынына қайран қаласың. Родина ауылының үйлері орталықтан жылытылады. Су жүйелерінің өзі 40,6 шақырымды, электр шамы тартылған асфальт­ты көшелердің аумағы 40 ша­қырымды алып жатыр. Үйлену тойы мен сәби туғандағы дәстүрлі базарлық 100 000 теңгені құрайды. Ұжым мүшелері 13-ші жалақы алады. «Жыл оқушысы» мен «Алтын белгі» иегерлері 150 000 теңгені иемденеді. Өткен жылғы Жеңіс мейрамында соғыс ардагерлері С.Глушко мен П.Богатыревқа «ВАЗ-2167» автокөлігі мінгізілді. Жалпы, агрофирманың әлеуметтік бағыттағы ақшалай үлесі 554,5 миллион теңгені құрайды. Ауыл облыстағы үздік елді мекен, ал оның мәдени ошағы республиканың «Үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша республикалық «Парыз» байқауының жеңімпазы атанды.

Мәртебелі қонақтар шаруашы­лық­тың әртараптандыру бағы­тын­дағы табыстарына зейін қойды. Серіктестік соңғы үш жылда 2,5 миллиард теңгенің өнімін игілікке жаратты. Мұнда егіншілік саласының үлесі 65 пайызды құрайды. Биылғы жылы 36 965 тонна астық, 40 867 тонна сүрлем жиналып, 5 059 тонна құнарлы шөп, 3 923 тонна майлы дақылдар тұқымы дайындалды. Егістіктің әр айналымынан 18,2 центнер дән алынуы облыстағы жоғары көрсеткіш саналады.

Ауылда 12 «АН-2» ұша­ғынан тұратын авиапарк көз қызықтырса, үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасымен іске қосылған 750 квт. жел-қуат қондырғысы болашақтың төріне қиял өрбітеді. Жобаның сәттілігін агрофирманың электр энергиясына сұранымының 85 пайызын өтеп отырғандығымен дәлелдеуге болады.

Елбасы Н.Назарбаев қаз-қатар сап түзеген қызыл кірпішті 8 тұрғын үйдің заманауи сәулет жарасымына жоғары бағасын берді. «Жастар» шағын ауданы атауындағы айрықша құрылыс жұмыстары биылғы 1 маусымда басталып, үдемелі екпінмен жүргізілгені «бәрекелді» де­гізерліктей. «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламасы аясында бой көтерген, әрқайсысы 127 шаршы метрлік пәтерлерді қар­жыландыруға «Родина» агрофирмасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бастамасымен қомақты үлес қосып отыр. Ауылда тұрғын үй кезегі жоқ. Мұнда шаруашылықтың жас мамандары, көпбалалы отбасылар қоныстанатын болады.

Мемлекет басшысы сапар барысында «Солнышко» балалар бақ­шасының бүлдіршіндеріне арнайы бұрылып, думанды орданың қызық-қуанышына ортақтасты. Қос қабатты ғимаратқа бюджеттен 93 миллион теңге бөлініп, толықтай күрделі жөндеуден өткізіліпті. Осының нәтижесінде, бұрынғы төрт топқа қосымша, екі жастағы сәбилер тобы жұмыс істей бастаған. Мектепке дейінгі мекеменің негізгі міндеті – жас буынды тәрбиелеу және сапалы білім беру. Балабақшада жас ерекшелігі бойынша бөлінген 4 топ жұмыс істейді. Медициналық бөлме, спорт және музыка залдары бар. Ғимараттың жалпы аумағы – 1075 шаршы метр.

Елбасы сапарының соңын­да ауылдағы мәдениет үйінде тұр­ғындар­мен кездесіп, родина­лық­тардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы мақсаттары туралы жылы шырайлы әңгіме өрбіді. Ауыл әкімі Ләззат Қонарбаева бұл жөнінде толық мағлұмат берді. Нұрсұлтан Әбішұлы ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушысы Иван Сауэр басқаратын ЖШС рес­пуб­ликамыздағы озық ұжымның бірі ретінде, үйренерлік өнеге танытып отырғанын бөлектеп айтты.

– Ауылда 1700-ден астам адам тұрады. Осы адамдар мен ұжым­ның арқасында ауыл дамып келеді. Еңбек өнімділігі артуда. Шаруашылық басшылығы мен актив бұл ауылдың өркендеуі үшін бәрін жасауда. Егер де барлық шаруашылық осылай бар ынтасымен жұмыс істейтін болса, біздің елімізде азық-түлік өнімдері артығымен болар еді, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде тұрғындар ауыл­дың дамуы, соның ішінде бірқатар әлеуметтік нысандардың салынуы, бала туудың өскені және тұрғын үймен қамтамасыз етілуі жөнінде айтты. Сондай-ақ, олар Мемлекет басшысын ел игілігін одан әрі нығайтуға өздерінің лайықты үлес қосатынына сендірді.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындарға табыс пен игілік тіледі.

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus