Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Агрокешенді несиелендіру алға басты

Агрокешенді несиелендіру алға басты

Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың жылдан-жылға артып келе жатқанына ризашылықтарын білдіріп отыр. Жуырда Глубокое ауданындағы көктемгі егіс жұмыстарымен танысқан едік. Быструха ауылының іргесіндегі ерте егілген егістік көгеріп өсіп тұрса, Кіші Үбі ауылы жанындағы алқапта жап-жаңа тракторлар жап-жаңа тұқымсепкіш құрылғыларын сүйретіп, күнбағыс тұқымын сеуіп жүр. Аталған атыздар «Шығыс бидай» ауылдық тұтыну кооперативінің еншісінде екен.

«Шығыс бидай» кооперативі өткен жылы «Быструшинское» және «Весна 2011» ЖШС-ларының қосылуы нәтижесінде құрылған болатын. Кейінгі жылдары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 30 миллион теңгеден астам жеңілдетілген несие алып жұмыс істеп жатқан кооператив жетекшілерімен сөйлескен едік.

– Осыған дейін қолда бар мате­риалдық-техникалық құрал-жаб­дықтарымыз ескі болғандықтан тиімді несие алуға қолымыз жетпей жүрді. Шаруашылығымызды кеңейтудің түрлі жолдарын қарас­тырып жүргенде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ туралы біліп, несие алу жөнінде өтініш білдірдік. Олар бізге ауылдық тұтыну коопе­ративін құруды ұсынды. Осылайша, «Быструшинское» және «Весна 2011» ЖШС-лері біріккен едік. «Шығыс бидай» ауылдық тұтыну кооперативі арқылы қол жеткізген несие біздің ескі материалдық-тех­никалық базамызды жаңалауға, сапалы тыңайтқыштар сатып алуға мүмкіндік берді. Корпорацияның ауыл шаруашылығы тауар өнді­рушілерін қолдауы жұмысты жаңа қарқынмен, өнімді атқаруға жетеледі. Жеңілдікпен алынған несие ауыл шаруашылығында еңбек ететін біз үшін үлкен көмек, – деді «Шығыс бидай» ауылдық тұтыну кооперативінің төрағасы, «Быс­трушинское» ЖШС директоры Иван Селиванов.

Иван Михайловичтің айтуынша, кооператив былтыр несиенің 8 миллион теңгелік алғашқы бөлігін алып, жиын-терін маусымынан соң жауып үлгерген. Негізі, 30 миллион теңгеден астам қаржыны бес жыл ішін­де қайтармақ.

2013 жылдан бастап шаруа­шылыққа алғаш рет сапалы тыңайт­қыш қолданыла бастады. Нәтижесінде, егістік жиыны орта есеппен гектарына 3-4 центнерге көбейді. Мәселен, бұған дейін 10-11 центнерден аспайтын күнбағыс түсімі былтыр гектарына 18 центнерді құрады.

Быструха елді мекенінде орна­ласқан «Шығыс бидай» кооперативі қазіргі кезде 40-тан астам ауыл тұр­ғынын жұмыспен қамтып отыр. Кооперативтің еншісінде 1200 гектардан астам жері бар.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиал директорының орынбасары Нұржан Садықовтың айтуынша, мемлекет тарапынан корпорация арқылы 2006 жылдан бастап ауылдық тұтыну кооперативтерін несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл несиенің артықшылығы – бірнеше фермерлік шаруашылықтар мен жеке қожалықтар ауылдық тұтыну кооперативіне біріге отырып, өздерінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік алады. Аталған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін біріктіріп әрі қарай дамыту үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ үнемі қолдау білдіріп келеді. Айталық, 2006 жылдан бері республика бойынша корпорация тарапынан 147 ауылдық тұтыну кооперативі 11 миллиард 800 миллионнан астам теңгеге қаржыландырылды. Яғни, бұл кооперативтер арқылы 6 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тау­арын өндіруші бірікті. Бұл бюджеттік бағдар­лама аясында Шығыс Қазақстан облысындағы 12 ауылдық тұтыну кооперативі несиелендірілген. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне облыс көлемінде 700 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы.

http://egemen.kz/

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus