Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Баяндамалар Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселесі бойынша Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Қ. Евниевтің баяндамасы

Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселесі бойынша Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Қ. Евниевтің баяндамасы

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті жиналысқа қатысушылар!

2015 жылы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңының қабылдануы кооперацияны дамытудың негізгі кедергілерін жоюға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, кооператив мүшелері табысты өзара бөлісу құқығына ие болды, кооператив қызметіне жыл сайын аудит жүргізу үшін ревизиялық одақтар институтын дамытуға жағдай жасалды, 3 заңның орнына 1 заң қолданылатын болды, арнайы салық режимін ауыл шаруашылығы кооперативі де пайдалана алатын болды, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызмет түрлері нақты сәйкестендірілді.
Ағымдағы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша статистикалық деректерге сәйкес 62 мыңнан астам адамның басын біріктірген 2 849 кооператив тіркелді.
Президент Әкімшілігінің тексеру қорытындылары бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясының тиімді дамуына кедергі келтіретін бірқатар жүйелік проблемалар анықталды. Бұл:
– кооперативтердің 18%-ының жұмыс істемей тұруы, 42%-ының формальді түрде құрылуы;
– кооператив мүшелері өндірген өнімдерді өңдеумен, өткізумен байланысты проблемалар;
– кооперативтердің дамуын ынталандыру шараларының жеткіліксіздігі;
– ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жетіспеуі;
– әкімдік деректерінің статистикалық деректерге сәйкес келмеуі.
Қолданыстағы Мемлекеттік бағдарламаны өзекті ету жұмысы барысында агроөнеркәсіптік кешеннің ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы шешуге мүмкіндік туатын 6 түйінді проблемасы анықталды:
1) еңбек өнімділігінің төмендігі;
2) өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі, осының салдарынан өңдеуші кәсіпорындардың толық жүктелмеуі;
3) техникалық жарақталу деңгейінің төмендігі;
4) білімнің жетіспеуі;
5) өнімді сатудан түсетін кірістің аз болуы;
6) қосымша шығындардың жоғары болуы.
Қолданыстағы Мемлекеттік бағдарламада белгіленген 6 индикаторды салыстырып қарағанымызда, олар жоғарыда көрсетілген проблемалардың шешілу дәрежесін бағалауға мүмкіндік бермейтінін, кооператив мүшелері мен жергілікті атқарушы органдардың жалған ақпарат беріп, көрсеткіштерді бұрмалауына мүмкіндік туғызатынын анықтадық. Сондықтан қолданыстағы нысаналы индикаторларды ауыстыру қажеттілігі туындады.
Агрокооперацияны дамыту бағдарламасының мақсатын «еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы кооперациясына қатысушылардың бәсекеге қабілеттілігін әрдайым арттырып отыру» деп белгілеу ұсынылады.
Өлшенетін, жыл сайын кемінде 10 пайызға өсіп отыратын мынадай 3 түйінді индикатор жүргізуді ұсынамыз:
1) кооператив қатысушыларының еңбек өнімділігін өсіру;
2) өнімді сатудан (оның ішінде экспорттан), қызмет көрсетуден түсетін пайданы өсіру;
3) ауыл шаруашылығы кооперативтерінің негізгі қаражатына салынатын инвестицияларды өсіру.
Енді нақты шаралар мен құралдарға қысқаша тоқтала кетейін.
Бірінші – қолда бар барлық мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтеріне теңдей жағдайларда субсидиялау.
Инвестициялық субсидияны, дайындаушы ұйымдардың қосылған құн салығын субсидиялауды, сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен мал шаруашылығындағы тауарлық-спецификалық субсидияларды сақтап қалу ұсынылады.
Анықтама ретінде: ағымдағы жылы кооперативтер үшін бордақылау шығындарын арзандатуға 495 000 мың теңге, сүт өндірумен айналысатын кооперативтерге 478 325 мың теңге бөлінді.
АӨК субъектілерінің кредиті және лизингі бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау қалпына келтірілетін болады.
Әкімдіктерге кооперативтер құру бойынша индикативті жоспарлар және кооперативтердің қызметі бойынша индикативті көрсеткіштер белгілеуді алып тастау ұсынылады.
Шаруа, фермер қожалықтарына, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне, жеке кәсіпкерлерге микрокредит беру жалғасатын болады.
6-слайдта қолданыстағы кредиттік өнімдер көрсетілген, оларды тауар өндірушілермен бірге кооперативтер де пайдалана алады. Бұл ретте жеке қосалқы шаруашылықтарға мұндай кооперацияға қатысудың екі нұсқасы бар: 1) өнімін дайындаушы орталықтарға өткізу; 2) жеке кәсіпкер, шаруа, фермер қожалығы мәртебесіне өту.
Өндірістің тиімділігін арттырудың негізгі құралы көлденең және тік (зәкірлік) кооперация болып табылады. Зәкірлік кооперация шағын және орта фермерлердің және олар құрған кооперативтердің өңдеуші және жүйе құраушы кәсіпорындармен серіктестігін көздейді.
Слайдта көрсетілгендей, кооперативтердің қауымдастықтар немесе одан да ірі кооперативтер құруына мүмкіндігі бар. Жеке қосалқы шаруашылықтар кооперацияға дара кәсіпкер, шаруа, фермер қожалығы нысанында қатыса алады.
Мұндай модельдердің табыстылығын сүтті кооперативтер бойынша әлемдік тәжірибеде бар мысалдар растайды. Жаңа Зеландия, Голландия, Швеция, Дания, АҚШ және Оңтүстік Кореяның шағын және орташа фермерлері ірі кооперативтерге бірігіп, өздерінің тиімділігін арттыруда және нарықты жаулап алуда.
Кооперативтерге қызмет көрсету үшін арнайы сайт-портал құрылатын болады, онда әр кооператив тіркелуі қажет. Портал ақпарат жинауды автоматизациялауға және кооператив деректерін мониторингтеуге, нәтижесін бағалауға, жұмыс орындарын және әр қатысушының еңбек өнімділігін есептеуге, цифрлық сауаттылықты оқытуға, кооператив пен қатысушылар арасында рейтинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Ақпараттық жүйе кооператив қатысушылары үшін ынталандыру, талдау, оқыту, басқару және қызмет нәтижесін бағалау құралы болады.
Сонымен қатар, кооперацияға қолдау көрсетудің бірқатар шараларын қабылдау жоспарлануда, оларға оқуды жалғастыру және кооперативтерді ақпараттық сүйемелдеу жатады.
Дәстүрлі оқуды консалтингтік тренингке трансформациялау қажет, онда еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру назар аударылуы тиіс.
Агрокооперацияны дамыту бағдарламасын іске асыру құралдардың бірі – кооперацияны дамытуда жобалық тәсілдемені (проектный подход) қолдану. Кооперация бағдарламасы қазір қаралып жатқан Мемлекеттік бағдарламаның салалық кіші бағдарламасының бірі болады. Слайдта бастапқы кезектегі 6 жоба көрсетілген.
Кооперацияны дамыту бағдарламасының негізгі қатысушылары: Ауыл шаруашылығы министрлігі, әкімдіктер және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Министрлік стратегия, мемлекеттік қолдау, заңнама мәселелеріне жауапты. Жергілікті атқарушы органдар ең алдымен кооперативтерге өткізу нарықтарын ашады, өңірлерде салалық кооперация құруды. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы – оқыту, консультация, маркетингке жауап береді.
Осылайша, біз ауыл шаруашылығы кооперациясының бастапқы кезеңін аяқтадық. Енді ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттырудың негізгі құралы ретінде оны дамытудың жаңа кезеңіне өтеміз.

Назарларыңызға рахмет!
Отраслевая программа развития агрокооперации на 2018-2021 годы (в рамках Государственной программы развития АПК на 2017-2021 годы)

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Powered by WordPress | Designed by Tielabs
© Copyright 2012, All Rights Reserved