Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелері қаралды

Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелері қаралды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың төрағалығымен өңірлердің ауыл шаруашылығы мәселелеріне арналған бейнебайланыс режиміндегі жиналыстар жалғасуда. Әр аймақтың өзекті проблемаларын дербес қарайтын мұндай жаңа форматтағы отырыстар бірінші күннің өзінен-ақ өз жемісін бере бастады. Осы уақытқа дейін Алматы қаласы мен Жамбыл, Қарағанды, Алматы облыстарының түйінді мәселелері талқыланып, тиімді шешімдер шығарылды.

Қалыптасқан үрдіске сәйкес, Атырау облысының да ауыл шаруашылығы саласындағы көкейкесті сауалдары ортаға тасталып, құзырлы органдар өкілдері тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Ең алдымен, қаржы жетіспеушілігіне байланысты екі мәселе көтерілді.

Біріншісі, Каспий теңізінде браконьерліктің кеңінен таралуы және осы маңдағы мемлекеттер арасындағы бақылаусыз балық аулау деректері. Яғни, бұл бекіре тұқымдас балық түрлерін азайтып, өңірде жұмыс істеп тұрған екі балық зауытының жұмысына кері әсер ете бастаған. Сондықтан да, олардың өндірістік қуатын 7-ден 12 миллион шабаққа дейін арттыру және құралдық кешеніне жаңғырту жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу сұралды.

Екіншісі, балық түрлерін қорғау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында Атырау облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының материалдық-техникалық базасын заманауи арнайы құрылғылармен және теңіз су көліктерімен жабдықтауға қаражат қажеттілігі мәселесі.

Бұл орайда А.Мырзахметов тарапынан республикалық бюджеттен ағымдағы экономикалық ахуалға байланысты бұл мәселелерге арнайылап қаржы көзделмегені атап өтіліп, алайда, текке қарап отырмай, түйткілді облыстың әкімдігі деңгейінде шешу жолдарын қарастыру қажеттілігі баса айтылды. Атап айтқанда, ол үшін Атыраудың бюджеттік әлеуеті жеткілікті және сырттан қолдау іздемей-ақ жағдайды бақылауға алуға толықтай мүмкіндігі бар.

Өз кезегінде, Министрлік аталған тұрғыларды жергілікті бюджетке енгізу тетіктеріне қатысты нормативтік актілерді даярлап бермек. Оған қоса, қазіргі таңда бекіре балық өсіру зауыттарын реконструкциялау туралы бастаманы Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі қарауда. Бұл да болса, түйіннің қысқа мерзімде тарқатылатынын айғақтап тұр.

Осы бекіре балығына байланысты тағы бір түйінді мәселені айта кеткен жөн. Бұған дейін ғылыми зерттеу жұмыстары үшін бекіре балығын аулауға арнайы квоталар бөлінетін. Енді министрдің тапсырмасымен квота бөлу тоқтатылып, жалпы Қазақстан бойынша бекіре аулауға тиым салынды. Мұндай шешім сирек кездесетін балық санын көбейтуге сеп болмақшы.

Бұдан кейін көтерілген төрт мәселе де Министрлік тарапынан дереу шешімін тапты.
Айталық, Атыраудағы құс фабрикаларына берілетін инвестициялық субсидиялардың ережесіне өзгеріс енгізу мәселесі. Яғни, өндірісті субсидиялау кезінде бастапқы қуатты 5 мың тонна емес, оның жартысына жуық өлшеммен алудың ұзақ мерзімді мүдде талаптарына жауап беретіні сөз болды.

«Аталған мәселе ведомствалық жұмыс тобының аясында зерттеліп, зерделенген. Инвестициялық-субсидиялау бағдарламасы аясында өндірістік қуаты жоғары бройлерлік құс фабрикаларының құрылысына мемлекеттік қолдау қарастырылған. Осы уақытқа дейін талап әлгіндей 5 мыңдық шекте болып келген болса, ендігіде, құс еті өндірісін дамыту үшін 2 мың тоннаға дейін түсіргелі отырмыз», – деді министр.

Өткір тұрған осыған ұқсас тағы бір мәселе – ірі қара малды бордақылау орындарын құру және кеңейтуге қатысты ережеге байланысты. Онда мал басының 3 мыңнан жоғары болу керектігі атап көрсетілген. Өз кезегінде бұл норма көптеген орта шаруашылықтардың дамуына кедергі келтіріп отырған фактордың бірі. Себебі, көпшіліктің осы межеге шамасы жете бермейді, асса 500 мал басы деп көрсетілгені құба-құп.

Сала басшысы мұның да Министрлік жанындағы жұмыс тобымен қаралып жатқанын және жақын аралықта шаруаларға қолайлы шешімнің шығатынын жеткізді. Оның айтуынша, арнайы топ мемлекеттік қолдаудың тиімділігін анықтау мақсатында субсидиялау жүйесін жіті қарауда. Алдағы уақытта ондағы олқылықтардың барлығы дерлік жойылады.

Дегенмен, осы қатарда үшінші және төртінші мәселе ретінде аналық бас ешкі мен бөдене шаруашылығын несиелендіру мәселелері де қозғалды.
Бұған қатысты А.Мырзахметовтың жауабы қысқа болды. Бұл тек Атырау өңіріне ғана тән мәселе емес. Осыған қатысты барлық аймақтардың сұраныстары қабылданып біткесін, сараланып, салмақтала келе, келер жылдан бастап ешкі және бөдене шаруашылықтары тиісті қолдау таппақ.

Мұндай жағымды жаңалықтарды естіп, әрі күрделі мәселелері бірден қисынын тапқан атыраулық ауыл шаруашылығы мамандары дәл осындай жаңа форматтағы отырыстардың ауқымды саланың ілгерілеуіне себеп болатынын атап өтісті.

«Екі жақтың пікірін тыңдап, ортақ пайымдар жасаудың пайдалылығына кезекті рет көзіміз жетіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы билік арасындағы жұмысты жандандырудың тиімді тәсілі үшін алғыс айтамыз», – деп өз ойын білдірді Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Рысқалиев.

Селектор соңында, А.Мырзахметов осында айтылған ұсынымдардың тағы бір талқыға түсетінін атап өтті және де жекелеген деректерден бөлек, жүйелік сипаттағы мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы саласының ағымдағы жай-күйі мен проблемалық мәселелеріне арналған осынау отырыстар тізбегі енді Ақтөбе мен Маңғыстау өңірлерін қамтитын болады.


ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus