Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Астанада Қазақстан мен Иордания арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Астанада Қазақстан мен Иордания арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Бүгін Астанада Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иордания Үкіметаралық комиссияның төртінші отырысы болып өтті.

Кездесуге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Иордания Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия, сауда және жабдықтау министрі Джауат әл-Анани және де екі елдің бірқатар лауазымды тұлғалары қатысты.

Аталған Комиссия Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иордан Хашимит Корольдігіне 2006 жылы жасаған ресми сапары барысында Иордан Королі Абдалла ІІ бен Әл-Хусейнмен бірлесіп, екі жақты келісім негізінде құрылған болатын және өзара дипломатиялық-іскери байланыстарды арттыру үшін Іскерлік кеңес жұмыс жасай бастады. Сол уақыттан бері екі мемлекеттің арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың деңгейі жоғарылап, Мемлекет басшыларының бірнеше кездесулері өткізілді. Қазіргі таңда Иордания еліміздің Таяу Шығыс аймағындағы ең жақын әрі сенімді одақтастарының бірі. Ауыл шаруашылығы, фармацевтика, энергетика, әскери-техникалық ынтымақтастық және туризм салалары елдер арасындағы әрекеттестіктің негізгі бағыттары болып белгіленген.

Қазақстан мен Иордания арасындағы екіжақты сауда айналымы 2015 жылдың қорытындысы бойынша 806,5 мың АҚШ долларын құрады. Оның ішінде, қазақстандық экспорт 14,8 мың АҚШ долларын құрап, импорт 791,7 мың АҚШ доллары көлемін көрсетті.

Транспорттық шығындардың жоғарылығы тараптардың өзара сауда-экономикалық байланыстарына өз әсерін тигізуде. Алайда, бұған қарамастан, бүгінгі күнге дейін Үкіметаралық бірлескен комиссиясының үш отырысы және Қазақстан-Иордания Іскерлік Кеңесінің төрт отырысы өтіп үлгерді.

«Бүгінгі қол жеткізілген барлық уағдаластықтар табыспен жүзеге асырылады деп үміттенеміз. Өз тарапынан, Қазақстан жағы алынған міндеттемелерді жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстарды атқаратын болады. Бұл шешімді екі ел арасындағы достастық пен өзара тиімді серіктестік деңгейін жоғарылата түседі деген ойдамыз. Уақыт өткен сайын комиссия отырыстары мазмұнды бола түсуде. Ал күн тәртібіндегі мәселелер көптеген салаларды қамтиды», – деп атап өтті Асқар Мырзахметов.

Жиын барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, келісімшарттық-құқықтық кешенді мониторингілеу ынтымақтастығы, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, стандарттау мен метрология, білім-ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, қайта қалпына келетін энергия, мұнай-газ, қауіпсіздік салалары бойынша ынтымақтастық мәселелері қаралып, олардың әрқайсысы бойынша нақты келісімдерге қол жеткізілді.

Атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бойынша екі тарап өз кәсіпкерлерінің тікелей байланыс орнатуы үшін іскери орталардың қатысуымен көрмелер, ресми және бизнес делегацияларының сапарлары, біріккен бизнес форумдар мен конференциялар ұйымдастыруға атсалысуға келісті.

Сондай-ақ, тараптар бизнесмендердің барыс-келісі мен семинарлар және бизнестік ақпараттар алмасулар арқылы екі елдің сауда-өнеркәсіптік палаталары арасындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.

Шағын және орта бизнес саласы бойынша тараптар халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік алу және бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін екі елдің ШОБ-на техникалық және қаржылық қолдау білдіру бойынша өзіндік озық тәжірибелермен бөлісуге әзірліктерін жеткізді.

Иордандық кәсіпкерлікті дамыту корпорациясы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арасында алмасулар бағдарламаларын қолдану мүмкіндіктері талқыға түсті.

Инвестициялық әріптестік әлеуетін арттыру үшін Қазақстан тарапынан Иорданияның жетекші компанияларына тарату үшін еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері туралы материалдар ұсынылды.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Иорданияның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымына мүше мемлекеттер қатарына тезірек қосылуы мәселелері де ортаға тасталды.

Бұдан бөлек, тараптар ауыл шаруашылығы өнімдері саудасының көлемін арттыру, яғни, дәнді дақылдар мен ет өнімдерін жеткізу бойынша келісімге келді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығының ахуалы мен перспективалары жөнінде тұрақты түрде ақпарат алмасып отыру жоспарлануда. Осы қатарда екі елдің ғылыми-зерттеу институттары арасында байланыс орнатып, өзара ынтымақтастықты ілгерілету мүмкіндігі сөз болды.

Денсаулық сақтау бойынша фармацевтік өнімдер мен олардың тіркелімі бойынша ақпарат алмасуға келісім жасалды. Бұл ретте, Қазақстан тарапы иордандық студенттерге медицина саласы бойынша бакалавриатта оқуға арнайы гранттар бөлу мәселесін қарастыратын болды.

Тараптар қайта қалпына келетін энергия, мұнай-газ, атом энергетикасы бойынша бұдан әрі ынтымақтастықты жалғастыруға құлықты екендіктерін білдірісті.

Сонымен қатар, отырыс аясында екі Үкіметаралық келісімді парафирлеу рәсімі болып өтті. Екі елдің арасындағы осынау Келісімдер азаматтық қорғаныс, төтенше оқиғалардың алдын алу мен жою, терроризммен, ұйымдасқан қылмыспен, есірткі және психотроптық өнімдердің заңсыз айналымымен күрес және қылмыстардың басқа да түрлерін жою бойынша өзара уағдаластықты қамтиды.


ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus