Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелері қаралды

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелері қаралды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың төрағалығымен өңірлердің ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерін талқылауға арналған селекторлық режимдегі отырыс кезегі Қарағанды облысына келіп жетті.

Жаңа форматтағы бұл үрдіс Жамбыл облысының мәселелерін талқылаудан басталған болатын. Яғни, еліміздің барлық өңірлерінен агроөнеркәсіптік кешеннің көкейкесті проблемалық мәселелері жинақталып, олардың негізінде арнайы кесте түзілді. Қазіргі таңда сол реттілікке сәйкес бейнеконференциялық байланыс арқылы мүдделі тараптардың қатысуымен әр аймақтың агросаладағы түйткілдері жеке дара қаралуда.

Бұған дейін атап өтілгендей, бұл шаралардың басты мақсаты – мәселелерді көтеріп қана қоймай, нақты шешімдер қабылдау және Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аймақтық атқарушы органдар арасында тиімді қарым-қатынас жүйесін қалыптастыру болып табылады.

Қарағанды облысы бойынша өткізілген бас қосуда осы міндеттердің аясында аймақтың күн тәртібіндегі өңірлерді мамандандыру схемасының қолданыстан алынуы, өтінімдерді аудандарға тапсыру, қой мен ешкі етіне сұраныстың аздығы мен оны өткізудің қиындығы, кепілдік және ауыл шаруашылық кооперативтерін дамыту мәселелері талқыға түсті.

Қарағандылықтардың хабарлауынша, «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты түрлерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін оңтайлы пайдалану бойынша өңірлерді мамандандырудың ұсынылатын схемасы» қолданыстан алынуы керек. Бұл схема ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің нарық сұранысына қажетті дақылдар өндіруіне мүмкіндік бермейді және де 2014 жылдан бері қолданыстағы қағидаға енгізілген өзгерістер ұсақ және орта шаруашылықтарға қолайсыз.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өтінімді аудандардың ауыл шаруашылығы бөлімдеріне тапсыруын міндеттеу бойынша қағидаға өзгеріс енгізген жөн.

Бұл орайда, ҚР АШМ өкілдері мамандандыру схемасына қосымша өлшемдер бойынша нақты ақпараттардың қажеттілігін атай отырып, аталмыш мәселені бірлесіп талқылауды ұйымдастыруға дайын екендіктерін жеткізді. Ал, шешімді шығару үшін өтінімдерді аудандық ауыл шаруашылық бөлімдерінде қабылдау мәселесі қағидалар редакциясында ескерілетін болды.

Сала басшылығымен тікелей тілдесу мүмкіндігін барынша пайдаланған облыстың ауыл шаруашылығы құрылымы қызметкерлері қағидаға элита, екінші және үшінші көбейтілген тұқымдарды субсидиялауды қарастыру және су берушіге берешегінің 50 пайызын төлеу туралы қағидаға өзгеріс енгізу, мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары бойынша несиелік және лизингтік сыйақы мөлшерлемелерін төмендету, несиелендіру мерзімін ұзарту, қағидалардың уақытылы бекітілуі бойынша бірқатар ұсыныстар жасады. Оның ішінде, Ауыл шаруашылығы кооперативтерін мемлекеттік қолдау шараларын нақтылап, бекіту керектігі баса айтылды.

Өз кезегінде, А.Мырзахметов қазіргі таңда Министрлікпен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің артықшылығын белгілеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын, соның бір айғағы – 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асатын корпоративті табыс салығын немесе жеке табыс салығын, қосымша құн салығын, әлеуметтік салығын, мүлік салығын, көлік құралдары салығын төлеу бойынша 70%-дық жеңілдікті қарастыратын арнайы салық тәртібі екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, ол агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына бағытталған ведомствалық жұмыстардың бұрынғы қарқынмен жалғасатынын атай отырып, жиын барысында көтерілген барлық мәселелерді қысқа мерзімде қарастырып, тез шешім қабылдауды тапсырды.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы саласының ағымдағы жай-күйі мен проблемалық мәселелеріне арналған отырыстар тізбегі алдағы уақытта барлық өңірлерді қамтиды.


ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus