Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар Алматы қаласы мен Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелері қаралды

Алматы қаласы мен Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелері қаралды


Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың төрағалығымен Алматы қаласы мен Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерін талқылауға арналған селекторлық режимдегі кезекті отырыс болып өтті.

Шара барысында Алматы қаласының май өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың субсидиялануы мен шикізат жетіспеушілігі және Алматы облысының су және мал шаруашылығы саласына тиісті қаражаттың бөлінуі мен аграрлық бағыттағы ұйымдастырушылық мәселелер қаралды.

Айталық, Алматы облысы өкілдері мал шаруашылығы тауарын өндірушілердің өндірген өнімдерін мемлекет тарапынан қабылдайтын орындар ұйымдастыру керектігін айрықша атады. Олардың айтуынша, мысалы, қара қойдан қырқылған жүн ешнәрсеге жаратылмай, өртеліп, текке шашылып жатыр.

Өз кезегінде, бұл мәселе шешім қабылдау үшін жан-жақты ақпараттар жиналып, Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрінің тікелей назарында қосымша қаралатын болды. Себебі, жүн қабылдау орындарын ашу еліміздегі әрбір ауылдың әлеуметтік қырын қозғап өтетін мәселе. Сондықтан да, осы бағытқа қатысты технологиялар мен өткізу нарығы толықтай зерттеліп, зерделенуге тиіс.

«Қазақстан шетке тек шикізат беріп қана қоймай, оны өзі де өңдей алуы керек. Яғни, сол шикізатты алып жатқан елдерге барлау жасап, озық технологияларды қолға түсіріп, еліміздің өз ішіндегі кәсіпорындар жұмысын жолға қою керек. Әлемде жүннің мұндай түрін өңдейтін қандай технология бар? Одан не жасалады? Маған толық ақпарат ұсынуларыңызды тапсырамын. Бұл Алматы өңірі үшін ғана емес, бүкіл елдік ауқымда маңызы бар мәселе. Және де оны өндірістік жоба ғана деуге болмайды. Әрбір өңірде бір-бірлеп болса да жүн өңдеу орындары ашылатын болса, ел жұмыстанады», – деді А.Мырзахметов.

Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан жетісулықтар үшін өзекті болып отырған елді мекендердің төңірегіндегі жайылымдық жерлер мәселесі сөз болды. Бұған қатысты ведомства өкілдері әзірленіп жатқан жаңа Заң жобасында аталған түйткілдің толықтай қарастырылып жатқанын және бұл олқылықтың алдағы уақытта түгелдей дерлік жойылатынын атап өтті.

Қатысушылар ұсыныстардан да кенде болмай, ауыл шаруашылығы тәуекелдеріне бейімделген Агробанк құру мәселесін де қозғады. Дегенмен де, бұл функцияны атқара алатын банктердің қазір де көптігі атап өтіліп, атын атап қойғанмен ештеңенің өзгермейтіні, екінші деңгейлі тағы бір банкттің пайда болатыны аталды. Яғни, бұл жерде қайта несие беру саясатын жетілдіре түсу керек.

Министр күн тәртібіндегі мәселелердің жекелік сипатқа ие екендігін ескертіп өтті.

«Өңірлердің бәрінде осындай жиындар өткізіп келеміз. Алайда, әлі де форматты дұрыс түсінбей жатқан сыңайлымыз. Әзірге үлкен жүйелік мәселелерді көрмей тұрмын. Аймақтың агроөнеркәсіптік кешеніне қатысты аса маңызды, концептуальды сұрақтар жоқ. Әрине, нақтылық деген жақсы. Бірақ, субсидиялау, мемлекеттік қолдауға байланысты яки қай жерде асыра сілтенуде, енді қай тұстарда кемшін қалып жатыр, ҚазАгроның несиелік саясаты назардан тыс қалуда. Міне, осындай бағытта дайындық болу керек. Келер жолы осыған дайындалыңыздар», – деп атап өтті А.Мырзахметов.

Айта кетейік, жаңа форматтағы бұл үрдіс Жамбыл облысының мәселелерін талқылаудан басталған болатын. Яғни, еліміздің барлық өңірлерінен агроөнеркәсіптік кешеннің көкейкесті проблемалық мәселелері жинақталып, олардың негізінде арнайы кесте түзілді. Қазіргі таңда сол реттілікке сәйкес бейнеконференциялық байланыс арқылы мүдделі тараптардың қатысуымен әр аймақтың агросаладағы түйткілдері жеке дара қаралуда.

Бұған дейін атап өтілгендей, бұл шаралардың басты мақсаты – мәселелерді көтеріп қана қоймай, нақты шешімдер қабылдау және Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аймақтық атқарушы органдар арасында тиімді қарым-қатынас жүйесін қалыптастыру болып табылады.


ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus