Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет АӨК туралы басылымдар Еліміз экономикасына инвестиция тарту тасқыны толастаған емес

Еліміз экономикасына инвестиция тарту тасқыны толастаған емес

preview-image
Ел экономикасына қаржы тартуда маңы­зы зор осы жиында сөйлеген сө­зінде Президент бұл шараға қаты­су­шы инвесторлардың басым бөлігі Қа­зақ­станды ертеден жақсы білетіндігін айтып өтті. Себебі, олардың көбі біздің елде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқандар әрі мұндай басқосу бірін­ші рет өтіп отырған жоқ. Ендеше, Қазақ­стан­дағы ахуал оларға жақсы таныс. «Қазіргі уақытта біздер байқап отырған күрделі сыртқы экономикалық жағдайларға, геосаяси сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикалық өсім мен инвесторлар үшін тартымды екендігін дәлелдеп келеді. Ағымдағы жылы жалпы отырыстың тақырыбы Қазақстандағы агробизнесті дамыту мәселесі болып отыр. Мұндай тақырыптың таңдалуы да тосыннан емес. Қазақстан жер аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы мемлекет, бірегей ауыл шаруашылығы ресурс­тарына ие», деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстан географиялық тұрғыда дәстүрлі өңірлік нарықтарға қызмет көрсету үшін оңтайлы орналасқанын, сонымен бірге, Қытай, Үндістан және Таяу Шығыстың нарықтарына шығу мүмкіндігі бар екендігін баса айтты. Дегенмен, отандық және шетелдік инвесторлар үшін еліміздің ауыл шаруашылығы ресурстарының тартымдылық әлеуеті толық ашылмай отырғанын да атап өтті. «Біз өз тарабымыздан түрлі елдерге азықтық астық экспортын арттырудамыз және жаңа нарықтар мен мұхитқа шығу үшін жаңа көліктік магистральдар салудамыз», деді Президент. Бұдан әрі Елбасы отырысты ашық деп жариялап, кеңес құрамының жаңа мүшелерімен таныстырды. «Құрметті достар, дәстүрге сай кеңес құрамы әр отырыс барысында жаңарып отырады. Ағымдағы жылы да ол жаңа мүшелермен толығады. Мен оларды сіздерге таныстырғым келеді. Олар осында отырған «Ситигруп» компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі бас атқарушы директоры Джеймс Коулз мырза, «Бейкер және Маккензи Интернешнл» фирмасының атқарушы комитетінің мүшесі, бас директорының орынбасары Эрик Шир, Еуразиялық даму банкі басқармасының төрағасы Дмитрий Панкин, «Эрнст энд Янг» жаһандық бас­қарушы серіктесі Кармайна Ди Сибио, «Дойче Банктің» өндіріс жөніндегі бас басқарушы директоры Сами Искандер. Барлықтарыңыздың жұмыстарыңызға табыс тілеймін», деді Елбасы. Жиын барысында кеңеске қаты­су­­шы­лар еліміздің аграрлық сала­сы­ның даму әлеуеті мен басым бағыт­тарын, агроөнеркәсіп кешеніне алдың­ғы қа­тарлы техниканы енгізу мүмкін­дік­терін және саланың инвестициялық тартым­дылығын арттыру мәселелерін талқы­лады. Күн тәртібіне шығарылған мәсе­лелер негізінде баяндамашылар легін Еу­­ро­па Қайта құру және даму бан­кiнің пре­­зи­дентi сэр Сума Чакрабарти бас­тады.
05-06-2015-07
«Мен үшiншi рет шетелдiк инвесторлар кеңесiне Президент мырзамен бiрге төрағалық етiп отырмын. Кезектi рет Қазақстанға келгенiме қуаныштымын, өйткенi, ел халқы өте қонақжай және тамағы өте дәмдi. Сондықтан да бү­гін ауыл шаруашылығын дамыту мә­селелерi талқыға салынатыны қуантады. Жергiлiктi көптеген азық-түлiктiң дәмiн татып көрдiм, Қызылорданың күрiшi, Алматының алмасы, әлбетте, жоғары сапалы ұннан пiсiрiлген нан тiл үйiредi», деп тамсанды С.Чакрабарти өз сөзінде. Сондай-ақ, ол Еуропа банкi Қазақстанның ауыл шаруашылығында үлесiн арттырып, бұл секторды жаңғыртуға атсалысатынын жеткізді.
«Бiр жыл бұрын Еуропа банкi мен Қа­зақстан Үкiметi реформаларды ны­ғайтуға бағытталған келiсiмге қол қой­ды. Бұл серiктестiктiң аясында үлкен жұ­мыс­тар атқарылды. Қазақстанға бағыт­тайтын жыл сайынғы инвестиция кө­лемiн шамамен 18 пайызға арттыр­дық. Бұл жобалардың барлығы Үкiмет жүргiзiп жатқан реформалар аясында жасалды», дедi ол. Еуропа Қайта құру және даму банкiнің басшысы азық-түлiк қауiпсiздiгi мен ауыл шаруашылығы жайы бүгінде халықаралық пікірсайыстардың күн тәртiбiндегi өзектi мәселелер екенiн атап өттi. «Әлемнiң азық-түлiкке деген сұранысы жыл сайын артып келедi. Бұл ретте Қазақстан жаһандық азық-түлiк қауiпсiздiгiнде үлкен рөл атқара алады. Бұл үшiн компаниялардың өнiмдiлiгi артуы үшiн дұрыс жағдайлар жасау керек. Егер елдегi кәсiпорындар өнiмдiлiгiн арттырып, халықаралық на­рық­тармен қарым-қатынасты жақсар­тып, инфрақұрылым құрса, олар өндiрiс көлемiн ұлғайтып, сатылатын өнiмнiң көлемiн арттыра алады», дедi Еуропа банкi президентi. Әсіресе, қазіргі кездегі геосаяси күйзеліс салдарынан халықаралық нарықтарда алшақтық туындаған кезде қазақстандық компаниялардың нақты қадамдар жасай алатынын алға тартты. Осы орайда, ол Қазақстан әлемде ең жақсы бидайды өсіріп жатқандығын, бұл өз кезегінде өңірдегі өзге экспорттаушылар алдында бәсекелестік басымдық беретіндігін атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы саласына өзгерістер қажет. Бұл тұрғыда жаңа технологиялар, жаңа капиталдар, белсенді кәсіпкерлер керек. Ауыл шаруашылығы Қазақстан үшін қазіргі кездегіден де айтарлықтай көп кіріс енгізіп, мұнай бағасына байланысты туындаған құбылыстардан сақтандыруға қауқарлы болуы тиіс. Еуропа Қайта құру және даму банкі Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін болады. Біз бұл бағытқа қаржылық секторды тартқымыз келеді», деді банк басшысы. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Үкіметінің қолдауының арқасында Еуропа Қайта құру және даму банкі агробизнес үшін жаңа бағдарламаны қосуға ниетті. Сонымен қатар, фермерлер үшін инновациялық бағдарламалар іске қосылмақ.

Еуропа Қайта құру және даму банкi президентiнің баяндамасына Елбасы қолдау білдірді. Қазақстандағы азық-түлік сапасын жоғары бағалағаны үшін сэр Сума Чакрабартиге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алғысын айта отырып, мұның өзі еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына зор көмек екенін атап өтті.
«Сіз Қазақстанның тамағы жақсы дедіңіз. Егер Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті жүрген жерінде қазақтың азық-түлігін насихаттап жүрсе, мұның өзі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына көмек болады», деді Мемлекет басшысы. Отырысты бұдан әрі еліміздің Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев жалғастырды. Министр өз кезегінде жүзеге асырылып жатқан жобаларда жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып берді.
«Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларда жергілікті қамту үлесін арттыру бо­йынша шетелдік компаниялармен тиісті жұмыстар жүргізілді. Бұл тұрғыда «ТШО», «Қарашығанақ», «Астана ЭКСПО-2017», «Абу Даби Пла­за» секілді ірі жобалар қамтылды», деді Ә.Исекешев. Оның айтуынша, ТШО-ны кеңейту жобасы бойынша жергі­лікті қамту үлесін арттыруға келісім­мен қол жеткізілді. Осы орайда 116 қа­зақ­стандық компанияның тізімі жасалған жет­кізушілердің базасы құрылды. «Қара­шығанақ», «ЭКСПО-2017» және «Абу Даби Плаза» жобасы бойынша осындай жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті өн­дірушілердің базасы жасалып, алғашқы шарттар іске асырылып жатыр.
«Бастапқы нәтижелерге қарамастан, осы жұмыстың әлеуеті толық ашылған жоқ. Біз бұл бағыттағы шараларды инвесторлармен жалғастырып, тауарлар сертификациясына, персоналды оқытуда, өнім сапасын арттыруда көмек жасауға екпін жасаймыз. Осындай жос­парды әрбір ірі инвестормен құруды көздеп отырмыз, яғни жобалар айналасында шағын және орта индустриялық сервистік компаниялар құру жоспарда бар», деді министр.
Сонымен қатар, «Назарбаев Уни­вер­ситет» зияткерлік инновациялық клас­терінің аумағында әлемдік танымал компаниялар корпоративтік ор­талықтарын орналастыратыны айтылды. «Астана бизнес кампус» ғылыми саябағы аумағына әлемдік деңгейдегі жоғары технологиялық компанияларды тарту мақсатында 90-нан астам компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, алтауымен меморандумдарға қол қойылған. Бүгінгі таңда ірі шетелдік компаниялар Қазақстандағы бұрынғы өндірістерін кеңейтіп, жаңа өндіріс ошақтарын құру бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Ә.Исекешевтің хабарлауынша, былтыр шетелдік инвесторлар осы кеңесте бірқатар мәселелер бойынша, атап айтсақ, экология, салық салу жүйесінде, зияткерлік меншік, әкімшілік кедергілерді азайту мен инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстар айтқан болатын. Осы ұсы­ныстар негізінде біраз жұмыстар атқа­рылған. Үш заң қабылданып, тағы үш заң жобасы әзірленіп жатыр.
«Ерекше атап өткім келетіні, кеңес аясында үш жұмыс тобы бар, осы жұмыс топтары кеңесте айтылған тапсырмаларды орындау үшін егжей-тегжейлі жұмыс істейді. Жұмыс топтары аясында ел экономикасына инвестиция тарту мәселесі пысықталады.
Бүгінгі таңда «Global» тізіміндегі 25-тен астам ірі инвесторлар өздерінің осындағы өндірістерін кеңейту және жаңа өндіріс ашу үшін жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында «Тойота», «Кока-кола» сияқты ірі инвесторлар бар», деп атап өтті министр. Сонымен қатар, «Жібек жолы» бағдарламасының ынтымақтастығы аясында қытайлық әріптестермен бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. «Мұның барлығы Қазақстанға деген сенімді көрсетіп отыр. Біз бұдан былай да ірі әлемдік корпорациялар сияқты орта инвесторлармен ынтымақтастықты күшейте береміз», деді Ә.Исекешев.
Әсет Исекешевтен кейін сөз кезегі «Шетел инвесторларының қазақстандық кеңесі» қауымдастығы басқармасының төрағасы Ульф Вокуркаға берілді.
2014 жылы әлемде тiкелей инвестициялар айтарлықтай қысқарған, бiрақ бұған қарамастан Қазақтанға тартылатын тiкелей инвестициялар деңгейiнiң тұрақтылығы сақталып отыр, деді Ульф Вокурка. Өткен жылы әлемдiк тiкелей инвестициялар 8 пайызға, ал экономикасы өтпелi елдерде тiптi 50 пайызға дейiн қысқарды. Бұған қарамастан Қазақстанда тiкелей инвестициялар ағынының тұрақты деңгейi сақталып отыр. Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанға тұрақты түрде жыл са­йын 20 млрд. долларға жуық инвестиция тартылған. «Қазақстанда индустрияландыру бойынша жақсы бағдарлама бар, бұл бағдарламаны шетелдiк инвесторлар жан-жақты қолдап отыр», дедi ол. Кеңестің кезекті отырысы ауыл шаруашылығы тақырыбына арналып отырған соң негізгі баяндама
Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің еншісінде болды. Министрдің баяндауынша, Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдері экспорты соңғы 10 жылда 3 есе артты. Ал ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі шамамен 4 есеге өсті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 2004 жылғы 44 млрд. теңгеден 2014 жылы 166 млрд. теңгеге дейін ұлғайды немесе 4 есеге өсім көрсетті.
Министрдің пайымынша, бұл көрсеткіштер Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен мемлекетте қолға алынған теңгерімді, мақсатты аграрлық саясаттың тиімді жүзеге асырылуының нақты нәтижесі болып табылады. Дегенмен, ауыл шаруашылығының бірқатар бағыттарының болашағы зор, бірақ әлі де болса пайдаланылмай отырған әлеуеті бар. Мәселен, ЭЫДҰ бағалауынша, зор табиғи мүмкіншілігінің, яғни мол мал жайылымы мен географиялық тұрғыда қолайлы орналасуының арқасында Қазақстан ет экспортында айқын басымдыққа ие. Қазақстан 180 млн. гектар мал жайылымына ие әрі әлемде сиыр етін ең көп импорттайтын екі ел – Ресей және Қытаймен шектеседі.
А.Мамытбеков алға тартқан деректерге сүйенсек, өткен жылдың ішінде ғана Ресей мен Қытай жалпы құны 5 млрд. долларды құрайтын 1 млн. тоннаға жуық сиыр етін сырттан сатып алған. Азық-түлік тауарларын қайта өңдеу үшін шетелдік трансұлттық компанияларды тарту жөніндегі Елбасының тапсырмасы бойынша он бес жоба дайындалған. Олардың жалпы құны 1 млрд. доллардан астам, 250 млрд. теңгеге жуық. Олар құс етін өндіретін, ет өңдейтін, май шығаратын, астықты терең өңдейтін кәсіпорындар болмақ және Қазақстанның барлық облыстарында орналасатын болады. Бұлар тек өңдейтін өнімнің үлесін ұлғайтпай, біздің экономикамызға жаңа технология, жаңа бизнес үлгісін әкеледі деп сенеміз. Мысалы, құс етін өндіретін үш фабриканың жалпы қуаттылығы 90 мың тонна болады, бұл біздің импортымыздың жартысынан артық. Міне, ауыл шаруашылығы саласына осындай үлкен үлесін қоспақшы. Осы он бес жобаның ішінде «Еуразия холдинг» деген компания мал бордақылайтын үш алаң салмақшы. Ол бордақылау алаңдарында тек сиыр еті ғана емес, қой еті де өңделеді. Қой еті араб елдеріне, Еуропаға экспортталады. Оған қоса, жылқы етін де экспорттау жоспарда бар. Сонымен қатар, өндірілген тауарларды сату мүмкіндігін де ашуымыз керек. Бізге келіп жатқан шетелдік компаниялардың өздерінің қалыптасқан сату жолдарын пайдаланбақшымыз. Осы он бес жобаның капиталының ішінде үлкен шетелік компаниялар да бар. Олар Қазақстанда өндірген тауарларын өздерінің қалыптасқан сауда-саттық қатынастары арқылы экспортқа шығармақшы. Министрдің айтуынша, бұл жобалардың кейбіреуі басталып кеткен, кейбіреулері енді басталмақшы. «Жобалар бойынша қаржы көздері тартылып жатыр», деп атап өтті А.Мамытбеков. Жиын барысында, сондай-ақ, «Бейкер және Маккензи Интернешнл» компаниясы бас директорының орынбасары Э.Шир, «Филип Морис Интер­нешнл» компаниясының аға вице-пре­зиденті Н.Дэнис, «Ситигруп» бас атқарушы директоры Дж.Коулз, «Эрнст энд Янг» жаһандық басқарушы серік­тесі К.Ди Сибио, «Дойче Банк АГ» басқарушы директоры П.Тильс, «Делойт СНГ» басқарушы серіктесі И.Коул­берн, «Русские машины» директорлар кеңе­сінің төрағасы З.Вольф күн тәрті­бін­дегі негізгі мәселелер бойынша өз пікірлерін ортаға салды. Баяндамашылар сөйлеп болған соң Шетел инвесторлары кеңесінің 28-ші жалпы отырысын Елбасы қорытындылады. Қазақстан үшін аграрлық сектордың дәстүрлі түрде орасан зор маңызы бар екенін, ол халықты еңбекпен қамтудың үлкен саласы екендігін, сонымен қатар, болашақта экономиканы әртараптандырудың басты көздерінің бірі болып табылатындығын атап көрсетті. Біз ауыл шаруашылығын дамыту үшін әлемдегі үздік жағдай мен әлеуетке иеміз. Қазақстанның ауыл шаруашылығына жарамды жерінің көлемі 215 миллион гектарды құрайды. Бұл – әлемдік ресурстардың 4 пайыздан астамы. Австралия және Канадамен қатар Қазақстан әр тұрғынға шаққанда егістік жер көлемі жөнінен әлемдегі алдыңғы орындардың біріне ие. Табиғи климаттық белдеулердің әртүрлілігі және топырақ құнарлылығы бізге әртүрлі бағыттар – бидай, күріш, майлы және азықтық дақылдар, ет пен сүт бағыттары бойынша бәсекелестік қуатқа ие болу мүмкіндігін береді. Қазақстан әлемде ірі астық экспорттаушы елдердің ондығының қатарына кіреді. Жылма-жыл Орталық Азия елдеріне 6 миллион тонна, Еуропалық одақ елдеріне 2 миллион тоннаға дейін астық экспортталады. Бүтіндей алғанда, қазақстандық экспорттың география­сы 70 елді қамтиды, дей келе азық-түлікпен қамту мәселесі жаһандық дамудың негізгі тақырыптарының бірі болып табылатындығын атап көрсетті. БҰҰ болжамы бойынша, 2025 жылға таман жер шарындағы адамдар саны 8 миллиардтан асса, 2050 жылға таман 9 миллиард адамға жетуі мүмкін. Алдағы 15 жылда орта тап тұтынушыларының саны қазіргіден 3 миллиардқа асып, 4,8 мил­лиард адамға жетпек деген болжам бар. Бұл өсімнің 90 пайызы Қазақ­станның өңірлік әріптестері Қытай мен Үндістанның үлесіне тиеді екен. Қазақстанда аграрлық бизнес пайдалы және экономика үшін маңызды бола түсуде екендігін еске салған Елбасы осы ретте қолда бар әлеуетті толық пайдалану жөнінде мемлекет тарапынан мақсатты жұмыстардың қолға алынғандығын айтып өтті. «Агробизнес-2020» кең көлемді бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында елдің агросекторы 16 миллиард доллардан астам қаржыға инвестицияланатын болады. Тек соңғы 4 жылдың өзінде мемлекет агроөнеркәсіптік кешенге 5 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бірақ, бүгінгі күні қолда бар осынау зор әлеуеттің шағын бөлігі ғана пайдаға асырылуда. Елбасы әзірге аграрлық сектордың елдің экономикалық дамуына, оның әртараптануына елеулі үлес қоса алмай келе жатқандығын ортаға салды. Соңғы бес жылда өнімдер импорты 45 пайызға өсіп, оның жылдық көлемі 4 миллиардтан асты. Ірімшік пен құс етінің тең жарымы, шұжық пен май өнімдерінің 40 пайыздан астамы сырттан келуде. «Осылардың барлығын біз ел ішінде де өндіре аламыз. Демек, осы іске инвестиция салуға кім дайын болса, соларға өндірген өнімді өткізудің кепілді рыногы да дайын», деп атап көрсетті Елбасы. Өңдеу секторын дамыту үшін де үлкен әлеует бар. Мысал үшін, бүгінгі күні елде өндірілетін астықтың тек 1 пайызы ғана макарон бұйымдарын шығаруға жұмсалады. Қазақстан өзіндік бренд өнімдер өндірісі мен экспортын әлдеқайда кеңейте алады. «Міне, көріп отырсыздар, бізде аграрлық секторды дамытудың өте үлкен мүмкіндіктері мен резервтері бар. Соңғы жылдары шетелдік инвестициялардың жыл сайын тек 1 пайызы ғана ауыл шаруашылығына келеді. Қолда бар әлеуетті пайдалану үшін Үкімет мынадай бағыттар бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыруда», деген Елбасы оларға жеке-жеке тоқталып өтті. Бірінші – қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру. Елбасы бұл ретте ел экономикасына, оның орнықты дамуын қамтамасыз етуге инвесторлар қосқан үлестің жоғары бағаланатындығын айтты. Соңғы 10 жылда Қазақстан 200 миллиард доллардан астам шетелдік инвестицияларды тарта алды. «Бұл – инвестициялық ахуалға сіздердің беріп отырған жоғары бағаларыңыз бен сенімдеріңіздің көрсеткіші. Қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру біздің басым бағыттарымыздың бірі болып табылады және солай болып қала береді, деген Елбасы біздің елімізде жұмыс істеп жатқан инвесторлар мен сарапшылар бүгінгі күні Қазақстанда өңір бойынша алғанда ең үздік инвестициялық жағдай жасалған деп бағалағандығын еске салып өтті. «Басымдық берілген салаларда инвесторлар корпоративтік табыс салығы мен жер салығын төлеуден 10 жыл мерзімге, мүлік салығынан 8 жылға дейін босатылған. Инвесторға салық заңдарының тұрақты болатындығына кепілдік беріледі. Оның үстіне мемлекет нысандар іске қосылып, пайдалануға берілгеннен кейін жұмсалынған капитал шығынының 30 пайызына дейінін өтеп беруге шешім қабылдады. Біз ашық еңбек рыногын қалыптастырудамыз. Инвесторлардың жобаны жүзеге асырудың бүкіл кезеңінде және нысан пайдалануға берілгеннен кейін тағы бір жылға ешқандай бір квота мен рұқсатсыз-ақ шетелдік жұмыс күштерін тартуға мүмкіндігі бар. Осы артықшылықтардың барлығы агроөнеркәсіптік секторға да қолданылады. Менің ойымша, инвесторларға осындай жағдайды ұсынатын елдер әлемде өте аз болар», деді Елбасы. Екінші – өңдеуді дамыту және транс­ұлттық компаниялар тарту. Мұндағы бас­ты мақсат – ауыл шаруашылығы өндірісін жоғары тиімді, әртараптандырылған және экспортқа бағытталған өңдеу секторының базасы ретінде дамыту. Ет және сүт бағыттарында әлемдегі жетекші компаниялармен стратегиялық әріптестік жағдайында үш жыл ішінде елдің ішкі рыногында және сыртқы экспорттық рыноктарда сапалы, экологиялық таза өнімдерді жеткізуші ретінде елеулі орын алу мақсаты көзделеді. Үшінші – ғылым мен инновацияны дамыту және кадрлар әзірлеу. Саланың бәсекелестікке қабілеттілігі табиғи ресурстарды тиімді де ұқыпты пайдалану технологияларының қаншалықты тиімді болып шығатындығына бүтіндей байланысты. Бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы жоғары технологиялы салалар қатарына өтуде. Мәселен, өткен жүз жылдықтың 80-ші жылдарында Бразилия, Чили, Австралия, Жаңа Зеландия секілді елдер мемлекеттік қолдауды өндірісшілерді тікелей субсидиялаудан ғылыми-зерттеулер мен әзірленімдер пайдасына қарай бұрды. Мұндай саясат нәтижесінде өндірістік өсім қарқыны еселеп артты. «Біз осы тәжірибелерді барынша оқып-үйренуге тиіспіз. Бүгінгі күні дамыған елдерде фермер шаруашылықтары ғылыми-зерттеу институттарына бекітілген. Ол институттар мониторинг, зерттеулер жүргізіп, нақты ұсыныстар әзірлейді. Бұл фермерге өнімділікті арттырып, жаңа технологияларды енгізуге үлкен артықшылықтар береді», деген Елбасы қазіргі күні ғылым және білім беру инфрақұрылымдарын жақсарту жөнінде жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын айтты. Елдің үш ірі аграрлық жоғары оқу орны бір ғылым-білім орталығын құру үшін біріктіріледі. Орталықтың міндеті – қолданбалы ғылымды дамыту проблемасын шешу, кадрлар әзірлеу және қазіргі заманғы технологияларды енгізу. Біз Қазақстандағы аграрлық салада таяудағы бес жылдың ішінде жетекші өңірлік зерттеу және білім беру орталығын құру үшін үздік халықаралық әріптестерді тартуға ұйғарым жасап отырмыз. Мен Қазақстандағы аграрлық өндірісті дамытуға қазірдің өзінде нақты үлес қосып отырған барлық инвесторларға алғысымды білдіремін. Мәселен, «Филип Морис» компания­сы Алматы облысында «Агробизнес орталығын» құрды. Онда фермерлер дақылдар өсірудің, тамшылатып суарудың, жылыжай шаруашылығының, тыңайтқыштар қолданудың жаңа технологияларына оқытып, үйретіледі. Мұндай жобалар мемлекет тарапынан барынша кең қолдауға ие болады. Сондай-ақ, «Бейкер және Маккензи» компаниясының атқару комитетінің мүшесі Эрик Ширдің баяндамасында айтылған координаттық жер өңдеуді дамыту жөніндегі ұсынысы да қызықты. Үкіметке бұл мәселені нақты зерттеп, оны жүзеге асыруға кірісу керек, деді Мемлекет басшысы. Төртінші – институттық реформаны жүргізу. Елбасы бұл ретте елде кең көлемді институттық реформаларды, соның ішінде, Қазақстандағы инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіру бағытында жұмыстардың қолға алынғандығын айтып өтті. Бұл реформалар қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды; заңның үстемдігін қамтамасыз етуді; индустрия­ландыру мен шағын және орта бизнесті дамытуды; болашақтың біртұтас ұлтын қалыптастыруды; транспарентті және есеп беретін мемлекетті құруды көздейді. «Институттық реформаны орындау жөнінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қазірдің өзінде қабылданды. Онда ауыл шаруашылығына арналған ашық та тиімді жер рыногын құру, сондай-ақ, мен жоғарыда айта кеткендей, трансұлттық компанияларды өңдеу секторына белсенді тарту мәселелері де қарастырылған. Көзделіп отырған қайта құру шараларын тиімді жүзеге асыру сапалық тұрғыдан жаңа институттық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді және Қазақстанды инвестициялар үшін одан әрі тартымды етеді деп сенемін», деді Мемлекет басшысы. Елбасы осыған орай барлық әлеуетті инвесторларды Қазақстандағы, соның ішінде, агробизнестегі инвестициялау жөніндегі мүмкіндіктерді ықылас қоя отырып, тереңірек зерттеуге шақырды. Осы күннің өзінде жекелеген компаниялар басшыларының жоғары халықаралық стандарт бойынша сиыр еті өндірісін құру жөнінде ұсыныспен шыққандығын айтып, Үкіметке ұсынысты қолдай отырып, бұл компаниялармен келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бергендігін жеткізді. «Барлық инвесторларды Қазақ­стан­дағы агроөндірісті дамытуға қаржы салуға шақырамын. Мұның біздің барлығымыз үшін пайдалы болатындығына сенімдімін. Инвестициялық үдерісте қажетті қаржы инфрақұрылымның болуы үлкен рөл атқарады. Осы мақсатқа орай, «ЭКСПО-2017» базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру көзделіп отыр. Сондықтан, кеңестің келесі 29-шы отырысының күн тәртібін «Астана – Халықаралық қаржы орта­лығы» деген тақырыппен осы мәселеге арнауды және оны Астанада өткізуді ұсынамын», деді. Елбасы кеңес жұмысын жетілдіру жөнінде ұсыныс енгізуге тапсырма берді. «Өткен 18 жылда қазіргі кеңес өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеді. Бірақ, бүгін Қазақстанның алдында қағидатты жаңа міндеттер тұр. Осыған сәйкес біздің инвесторлармен жұмысымызды неғұрлым белсенді етудің мүмкіндіктерін қарастыруымыз қажет», дей келе, отырысқа қатысқан инвесторларға қызықты баяндамалар, ұсыныстар, түсіндірмелер жасағандары үшін алғысын білдірді. «Сіздердің кеңес жұмысын көп жылғы қолдауларыңызға, сондай-ақ, Қазақстандағы инвес­ти­циялық ахуалды жақсарту ісіне орасан зор үлес қосқандарыңызға жоғары баға беремін», дей келе мұнан кейінгі бірлесіп атқарылатын істерге табыс тіледі.
Шара барысында, сондай-ақ, Қа­зақ­станның агроөнеркәсіп кешені же­тістіктерінің көрмесі ұйымдас­тырылды. Ал сарай алдындағы алаңда отандық ауыл­шаруашылық техникасының көр­месі өтті. Онда отандық СемАЗ жә­не АгромашХолдинг компанияларында құрастырылған техникалармен қатар, Қазақстанда шығарылуы жоспарланып отырған шетелдік ауыл шаруашылығы техникалары да болды. Шетел инвесторлары кеңесі 1998 жылы шетелдік инвесторлардың елдегі ин­вес­тициялық қызметіне байланыс­ты түйткілді мәселелерді және Қазақ­стан­дағы инвестициялық ахуалды тиімді шешу, Үкімет пен шетел инвес­тор­лары арасындағы тікелей үнқаты­суды қамтамасыз ету үшін құрылған бола­тын. Кеңестің басты міндеті – ин­вес­тициялық саясат пен елдің экономикалық даму аспектілері жөнінде Қазақстан Пре­зиденті мен Үкіметінің қарауына ұсы­нымдар мен ұсыныстар жасау. Міне, бұл міндет 28-ші рет өткізіліп отырған жиын­да да өз үдесінен шықты. Ал кеңестің ке­ле­сі отырысы, Елбасы ұсынғандай, Астанада халықаралық қар­жы орталығын құру мәселесіне арнал­мақ. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан.

Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/06/05/65337

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus