Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ 2017 жылдың 10 айдағы қорытындысын шығарды

“Аграрлық несие корпорациясы” АҚ 2017 жылдың 10 айдағы қорытындысын шығарды


«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (әрі қарай – Корпорация) бәсекеге қабілетті ауыл кәсіпкерлігін дамытуды ынталандыратын қолжетімді несиелендіру жүйесін қалыптастыру бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келеді. Корпорация «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі компаниялар тобының құрамына кіреді.
Корпорация 7 кредиттік бағдарламасын ұсынады: «Агротехника», «Агрокоммерция», «Іскер», «Агроэкспорт», «Агробизнес», «Кең дала» және ҚР Ұлттық Қор қаражаты есебінен несиелендіру бағдарламасы.
2017 жылдың 10 айында Корпорация жалпы сомасы 129 миллиард теңгені құрайтын 6447 агроөнеркәсіптік кешен субъектісін қаржыландырды.
Жылдың басында «ҚазАгро» Холдингі көктемгі егіс жұмыстарын («Кең дала» бағдарламасы) қаржыландыруды бастады. Отандық аграрийлерді қолдау мақсатында республикалық бюджеттен 60 миллиард теңге бөлінді. Бағдарлама операторы болып «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бекіді. Бағдарлама бойынша барлығы 1811 өтініш келіп түскен. Бүгінгі таңда қаражат толықтай игерілді. Бюджет ақшасынан бөлек көктемгі егіс жұмыстары өзге де қаржы көздерінен, сондай-ақ Корпорацияның өз қаражаты есебінен қаржыландырылуда.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген мәліметтерге сәйкес, елімізде негізгі ауыл шаруашылығы техникасының 284 мың данасы бар. Оның 80% – 15 жылдан астам уақыт бойы қолданыста болған, ескірген техника (ауыл шаруашылығы техникасының орташа амортизациялық мерзімі 10-12 жыл). Биыл отандық ауыл шаруашылығы машинасын жасау секторын жандандыру мақсатында Корпорация Лизингтік компаниялардың қауымдастығын құрған болатын. Бұл өз кезегінде лизингті дамыту бойынша амалдар мен бірегей стандарттарды енгізуге мүмкіндік берді. Қыркүйек айының ортасында Корпорация мен үш қауымдастық – несие серіктестіктері, лизинг компаниялары мен ауыл шаруашылығы техникасы машина жасаушылар қауымдастықтарының өкілдері бас қосып ынтымақтастық жөнінде келісім бекітті. Корпорация ауыл шаруашылығы техникасын/жабдықтарды сатып алу үшін «Агротехника» және «Агроэкспорт» (экспортқа бағытталған жобалар үшін) бағдарламалары арқылы кредиттерді беруді бастады. «Агроэкспорт» бағдарламасы жеңілдетілген шарттармен тартылған қаражаттың арқасында жылдық мөлшерлемесі 8% (СЖТМ – 8% бастап) аспайтын қолжетімді несие ұсынады.

1

Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуда да алғашқы нәтижелер бар. 2017 жылдың 22 қыркүйегінде Шымкент қаласында кредиттік серіктестіктердің тұңғыш форумы өтті. Басқосуға 200-ден аса қатысушы, соның ішінде Ресей мен Литваның кредиттік кооперация басшылары да қатысты. Форум ұйымдастырушылары – еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «АӨК кредиттік серіктестіктер қауымдастығы» ЗТБ. Форум барысында Қазақстан АӨК саласындағы кредиттік серіктестіктердің қызмет барысындағы проблемалары мен өзекті мәселелері талқыланып, оның шешу жолдары қарастырылды.
Бау-бақша шаруашылығын дамыту бағдарламасында да айтарлықтай жаңалықтар бар. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының экономикалық дамуы мақсатында бау-бақша шаруашылығын дамыту жобасы іске асуда. Кіші және орта бизнеске инвестиция тарту үшін мемлекеттік және жеке секторлар бірігуде.
Қараша айының басында Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында орналасқан «Құлан» агропаркінде 100 гектар аумаққа шие ағаштарының алғашқы көшеттері отырғызыла бастады. Елдегі ең үлкен шие бауы жылына 1680 тонна өнім беріп, 50 адамды жұмыспен қамтитын болады. Жалпы «Құлан» агропаркі 15 инвестициялық жобаны біріктіріп, жылына 50 мың тонна жеміс-жидек өнімін беретін және аймақтағы 2000 тұрғынға жұмыс ұсынатын сәтті жоба болмақ.
Алдағы жылдары Корпорация «2017-2021 жылдарға арналған ҚР АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында АӨК субъектілерін тікелей қаржыландыруын азайтып, екінші деңгейлі банктерді, кредиттік серіктестіктерді және лизинг компанияларын қорландырумен айналыспақ. Ал олар өз кезегінде шаруаларды несиелендіретін болады.

Анықтама үшін:
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бәсекеге қабілетті ауыл кәсіпкерлігін дамытуды ынталандыратын қолжетімді несиелендіру жүйесін қалыптастыру бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келеді. Корпорация «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі компаниялар тобының құрамына кіріп, соның тікелей жетекшілік етуімен Қазақстанның барлық облыстарында орналасқан 13 филиал мен өкілдіктерінде өз қызметін жүзеге асыруда ауқымды жұмыстарды атқарып отыр.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
mcx.gov@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus