Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар А.Мырзахметов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына өсімдіктер мен жануарлар дүниесі бойынша кейбір заңнамаларға енгізілетін өзгерістерді таныстырды

А.Мырзахметов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына өсімдіктер мен жануарлар дүниесі бойынша кейбір заңнамаларға енгізілетін өзгерістерді таныстырды

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.И. Мырзахметов ҚР Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер және жануарлар дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырды.

«Аталған Заң жобасын Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы заңнамаларды жетілдіру үшін 2016 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспары аясында әзірледі», – деп атап өтті А.Мырзахметов.

Заң жобасында Орман, Су және Экологиялық кодекстердің нормалары мен қоршаған ортаны қорғау туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері қарастырылған.
Айталық, Орман Кодексіне Қызыл Кітапқа енгізілген өсімдіктерді табиғаттан алу көлемдерін бекіту жөнінде Үкіметке құзырет беру ұсынылған. Бұл ретте, мұндай өсімдіктерді алу тек ғылыми және олардың көлемін көбейту мақсаттарында ғана жүзеге асырылады.

«Бұл шара өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің айналымы мәселесін реттеуге мүмкіндік береді», – деді Ауыл шаруашылығы басшысы.

Бір су қоймасындағы балық және су ресурстарын пайдалану құқығын жеке және заңды тұлғаларға бекітіп беру тәртібін нақтылау бойынша Су кодексіне тиісті түзетулер енгізу ойластырылуда.

Ал Экологиялық кодекс шеңберінде жануарларды қоныс аудару, әкелу және республикадан тысқары жерлерге шығару тәртібін нақтылау көзделуде.
Сондай-ақ, аңшылық шаруашылығының басты түрі – жабайы аң-құс өсіруді дамыту мақсатында «Жануарлар дүниесін қорғау туралы» Заңға «фермерлік аңшылық шаруашылығы» түсінігін енгізу жоспарлануда.

Тағы бір атап өтерлік жайт, «биосфералық резерват» ұғымы және оны құру мен аймақтарға бөлу тәртібі туралы нормалар ұлттық заңнаманы халықаралық талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда ЮНЕСКО шешімімен барынша қорғалатын үш аумаққа «биосфералық резерват» мәртебесі берілген.
Бұдан әрі Вице-Премьер Орман заңнамасын бұзушыларды ұстау кезінде толтырылатын құжаттар үлгілерін бекітуді уәкілетті органның құзыретіне беруді ұсынды. Бұл, табиғат қорғау заңнамасын бұзу жағдайында орман күзеті қызметкерлерінің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, А.Мырзахметов ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқаруға жұртшылықты тарту мақсатында табиғат қорғау мекемелері жанынан Үйлестіру кеңесін құру туралы нормаларын қабылдауды ұсынды.

Бұдан бөлек, ол халық қалаулыларының назарын экологиялық туризмнің дамуын тежеп отырған әкімшілік кедергілерін жоюға аударды.

«Ұлттық парктердің аумағында экологиялық туризмді дамыту және әкімшілік тосқауылдарды жою үшін турагенттер болып табылатын жеке және заңды тұлғалардың алдымен лицензиялар алуы бойынша талапты алып тастау ұсынылып отыр», – деді А.Мырзахметов.

Оның айтуынша, аталған нормалар бұған дейін де Парламент қабырғасында талқыға түсіп, депутаттардың қосымша шығындарды қажет ететін түзетулері Республикалық бюджеттік комиссияда қаралып, ішінара қолдау тапқан. Атап айтқанда, орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын 25% көбейтуге Үкіметтен келісім берілді.

Баяндама соңында А.Мырзахметов депутаттардың түзетулері бойынша Үкімет қорытындысының Премьер-Министр Кеңсесінде жан-жақты пысықталып жатқанын жеткізді.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Яндекс.Метрика