Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар А.Мырзахметов АӨК-ке арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын астықты өңірлердің тұрғындарына түсіндіруде

А.Мырзахметов АӨК-ке арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын астықты өңірлердің тұрғындарына түсіндіруде

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасын түсіндіруді астықты өңірлерде жалғастыруда.
Жаңа бағдарламаның басым бағыттарын түсіндіруге арналған отырысқа Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері мен шаруалары қатысты.

«Ағымдағы жылғы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысы Үкіметке АӨК бағдарламасын ағымдағы «Агробизнес – 2020» үкіметтік бағдарламасы негізінде әзірлеуді тапсырған еді. Елбасы атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласы Қазақстан экономикасының драйверіне айналады», – деп атап өтті Асқар Мырзахметов.
Айта кетейік, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын еліміз рекордтық деңгейдегі астықпен қарсы алып отыр. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша 9 айда ауыл шаруашылығы саласы өндірістік саланы артқа тастап, алдыңғы қатарға шықты. Мұның барлығы да аграрилердің қажырлы қайраты мен еңбегінің арқасы.

Кездесу барысында А.Мырзахметов жаңа бағдарламаның мақсаты мен міндеттерін тарқатып айтты.

Өз кезегінде, Министрлік ауыл шаруашылығы саласын зерттеп, зерделей келе, мал шаруашылығы мен балық, құс еті, шұжық, ірімшік, сүзбе, май өндірісінің төмен деңгейде екендігін және сырттан тасымалданатынын анықтады (33%-тен 67%-ға дейін).

Мұның өзінде, қой, сиыр еті жеткілікті дәрежеде өндірілетіні және экспорттық әлеуетке ие екендігі анықталды.

Өсімдік шаруашылығында макарон, өсімдік майы, көкеністік консервілер мен қанттың басым бөлігінің сырттан импортталатыны белгілі.

«Талдау барысында біз Қазақстанның бидайды артығымен өндіретінін, сондай-ақ, жем, арпа, құс етінің жетіспейтінін де анықтадық. Ет, сүт, көкеністерді қайта өңдеу және сиыр мен қой еті экспортының төмен деңгейде екені анықталды», – деді министр.

Бұдан бөлек, А.Мырзахметов аталып өткен мәселелердің сыртқы саудадағы айырмаға кері әсер еткенін атап өтті (ауыл шаруашылығы өнімдері 2015 жылы – 2,1 млрд. доллар, импорты – 3,4 млрд. доллар).

Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір міндетінің бірі – ауыл тұрғындарының табысын арттырып, нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету.

Әзірленіп жатқан Мемлекеттік бағдарламаның негізгі міндеттері: мал шаруашылығының тиімділігін 58%-ға және өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру, тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құру үшін ауқымды ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту, АШТӨ-ні барынша қамти отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету, мақсатқа бағытталған экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің қазақстандық брендін жылжыту, 600 мың га астам суармалы жерді айналымға тарту, АӨК-ні мемлекеттік реттеуді жетілдіру болады.

Сонымен қатар, бағдарламаны мемлекеттік форматқа қайта бекіту шеңберінде субсидиялау жүйесіне бірқатар түзетулер енгізу жоспарланған, бұл қазіргіден де көп мемлекеттік қолдау алушыларды қамтуға, осылайша оның тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

Осы орайда, астықты өңірлердің өкілдері өсімдік шаруашылығына қатысты АӨК-ті дамыту шараларына басымырақ ден қойды.

Бұл ретте, А.Мырзахметов бидайды қайта өндірудің ерекшеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірушілерін егіс алқаптарын диверсификациялауды жалғастыра беруге шақырды.

«Бидай алқаптары 2,3 млн. га қысқарады. Босатылған алқаптарға арпа, сұлы, жүгері және майлы дақылдары егіледі. Біздің тарапымыздан егіс алқаптары өңірлер мен дақылдар кесімінде есептелді», – деді ол.

Мал шаруашылығы саласында мал азығымен қамтамасыз ету қажет. Осыған орай, елдік азықтық теңгерім әзірленіп, енгізілетін болады, азықтық дақылдардың алаңдары ұлғайтылады, құрама жемдерді өндіру және тұтыну ынталандырылады, сондай-ақ жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін жоғарылату бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау көрсету арқылы асыл тұқымды жануарлардың үлесін жоғарылату бойынша шаралар қабылданатын болады.

Ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету және суармалы жерлердің алаңдарын ұлғайту бойынша шаралардан басқа, қосымша электрондық форматта жер ресурстарының жай-күйі туралы мәліметтер қалыптастырылады.

Бұдан басқа, АӨК-ні инфрақұрымдылық қамтамасыз ету үшін өнімді өткізу бойынша ауылдық кооперативтер құруды ынталандыру, ауыл тұрғындарына несие беру және оларға сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ қаржылық құралдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылатын болады.
Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы халық талқысынан өтуде.
Еске сала кетейік, аталған бағдарлама тұжырымдамасы еліміздің батыс өңірінде, «Атамекен» ұлттық палатасы кешенінде Қоғамдық кеңес пен Аграрлық саясат жөніндегі кеңес өкілдерімен талқыланды.

ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus