Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар АӨК-ті дамытудың Мемлекеттік бағдарламасына өзгертілген түзетулерді депутаттар талқылады

АӨК-ті дамытудың Мемлекеттік бағдарламасына өзгертілген түзетулерді депутаттар талқылады

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен алдында еңбек өнімділігін түбегейлі ұлғайту және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының өсімін 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру міндеті қойылды.

Бұл міндетті шешу саланы дамытуда мүлде жаңа көзқарасты талап етеді. Жоғарыда аталған міндеттерді ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агробизнес және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізді.

Осы мәселенің өзектілігін ескере отырып, бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде агроөнеркәсіп кешенінің Мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы үкіметтік сағат өткізілді.

Бағдарламаның түйінді көрсеткіштері мен іс-шаралары негізінде, жобалық басқару стандарттарына сәйкес агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыттарыбойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленді, оларды іске асыру мерзімі 10 және одан да көп жылды құрайды.

Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының негізіне отбасылық фермалар түріндегі шағын шаруашылықтар алынады және ол ірі қара мал өсіру жөніндегі фермерлік шаруашылықтардан, өнеркәсіптік бордақылау алаңдарынан және заманауи ет өңдеу кешендерінен тұратын зәкірлік кооперация нысанында жасалады. Ірі қара мал шаруашылығымен, қой шаруашылығымен және жылқы шаруашылығымен айланысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру, пайдаланылатын жайылымдар алаңын 58 млн. гектардан 100 млн. гектарға кеңейту, ірі қара мал санын 15 млн. басқа дейін, қой санын 30 млн. басқа дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жеке шарттары көзделетін болады, олар: жер учаскелерін басымдылықпен беру, фермерлік шаруашылықтарға мал басын, техника мен жабдық сатып алуға жеңілдікпен несие беру, жайылымдар инфрақұрылымын құру.

Сүтті мал шаруашылығы бағдарламасы да сүт өндіру жөніндегі отбасылық фермалардан, өнеркәсіптік сүт-тауарлы фермалардан және заманауи сүт зауыттарынан тұратын зәкірлік кооперация қағидаты бойынша жасалады. 2027 жылға қарай отбасылық фермалардың санын 380-нен 930-ға дейін, ірі сүт- тауарлы фермалардың санын 108-ден 170-ге дейін, сүт зауыттарының санын 163-тен 174-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жекелеген шаралары ұсынылатын болады. Нәтижесінде сүт өндірісінің көлемін 2027 жылға қарай 1 млн. тоннаға ұлғайту міндеті қойылып отыр.

Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде жаңа кәсіпорындар салу, қолданыстағыларын реконструкциялау және жаңарту, сондай-ақ ет және жұмыртқа бағытындағы құстардың өнімділігін арттыру көзделеді.

Өсімдік шаруашылығындағы негізгі іс-шаралар тізбесі: сапалы тұқымдардың болуы, техникалық жарақтау, нақты егіншілік, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, әртараптандыру, суармалы жерлерді айналымға енгізу.

Жалпы Мемлекеттік бағдарламада 10 міндетті орындау көзделген. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржыландырудың қолжетімділігі, тиімді салық салу, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, нарықтарға қол жеткізу және экспортты дамыту, аграрлы ғылым, техникалық жабдықтау мен өндірісті жандандыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен цифрландыру, ауылдық жерлерді дамыту.

Осылайша, мемлекеттік бағдарлама агроөнеркәсіптік кешен салаларын дамытудың негізгі шарттарын қамтамасыз етеді.

Бұл шаралар Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешен үшін қойылған міндеттерін орындауға мүмкіндік береді.

ҚР АШМ баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus
Powered by WordPress | Designed by Tielabs
© Copyright 2012, All Rights Reserved