Сброс
[ A+ ] / [ A- ]
Мына жердесіз:  Басты бет Жаңалықтар «Ветеринария туралы» Заңға өзгерістер енгізу бойынша бірқатар ұсыныстар қаралды

«Ветеринария туралы» Заңға өзгерістер енгізу бойынша бірқатар ұсыныстар қаралды


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың төрағалығымен Қостанай, Қызылорда, және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерін талқылауға арналған селекторлық режимдегі отырыс болып өтті.

Ең алдымен, бейнебайланысқа шыққан Қостанай облысы әкімдіктердің ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жауапкершілігін арттыру мәселесін көтерді. Яғни, аталған тармақ облыстық мәні бар қала мен ауданның жергілікті атқарушы органдарының құзіретінде қарастырылмаған. Осыған орай, «Ветеринария туралы» Заңға тиісті өзгерістер енгізу керек.

Сонымен қатар, қостанайлықтар салалық заңға сәйкес шаруашылық субъектілерінде (ЖШС және т.б) штаттық кестеге сәйкес жұмыс жасайтын ветеринариялық дәрігерлерді ҚР ветеринариясы жүйесінің тізбесіне енгізу қажеттілігін атады. Болмаған жағдайда, дәрігерлерге шаруашылық мекемелерінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмейінше емдік-профилактикалық қызмет атқаруға тыйым салған жөн.

Бұдан кейін Солтүстік Қазақстан облысының түйткілдерінің кезегі келді. Аймақ өкілдерінің хабарлауынша, олардың да мәселелері ветеринария саласына қатысты. Атап айтқанда, ветеринарлық станциялар ақылы қызмет көрсету арқылы жеке дара табыс табу мүмкіндігіне ие емес. Сол үшін де, «Ветеринария туралы» Заңға қостанайлықтардың сұранымына үстеме ретінде тағы бір өзгеріс енгізу қажет.

Бұл орайда ҚР АШМ тарапы аталған ұсыныстарды сындарлы деп тауып, Заңға өзгеріс енгізу мәселесін қарастыратын болды және де жекеменшік-қолданбалы ветеринар дәрігерлер қызметін құруға қолдау білдіруге уәде етті.

Алайда, солтүстік қазақстандықтарды мазалап отырған сұрақ бір бұл ғана емес, мемлекеттік сатып алулар нәтижелері бойынша тапсырыс беруші бұл салада жұмыс тәжірибесі жоқ жеткізушілерден вакцина мен ветеринария препараттарын алады. Яғни, олардың тиісті ғимараттары, тасымал үшін арнайы транспорты жоқ және де дәрілердің биологиялық қасиеттері мен сапасының сақталуына жауап бермейді. Мұның салдарынан вакциналар ақырғы тұтынушыға күш-қуатын жоғалтып жетеді. Ең жаманы, ол жарамсыз және тиімсіз күйге түсіп, аурулардың қозуына жол ашуы мүмкін.

Сондықтан да, бұл тауарды сатып алулар бір ғана көзден – бастапқы өндірушімен немесе ресми диллермен тікелей келісімшарт жасау арқылы жүзеге асырылуы керек.
Бұған қатысты АШМ жауабы қысқа болды: Мәселенің жүйелік сипатта екендігі ескеріле отырып, тез қаралып, қысқа мерзімде бір шешім шығарылады.

Өз кезегінде, Қызылорда облысының мал шаруашылығын одан әрі дамыту және экспортқа мал өнімдерін шығару үшін облысты аусыл аурына байланысты буферлік аймақтан шығару мәселесі де күн тәртібіне шықты.
Бұл үшін де Сыр елінің өкілдері облысты буферлік амақтан шығарудың маңыздылығын ескере отырып, атаулы мәселені шешуге ықпал жасауды сұрады.

Қызылордалықтардың тағы бір сұранымы – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы №6-3/597 бұйрығымен бекітілген субсидиялау қағидаларына сәйкес биылғы жылы күріш дақылы үшін су беру қызметінің құнын субсидиялау көлемі 35% ғана құрап отырғанына келіп тірелді. Бұл мәселе республика бойынша күріш дақылының басым бөлігін өндіретін және күріш жармасына қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп отырған Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің суға төлейтін шығындарының күрт артып, қаржылық жағдайын қиындатуда.

Осыған байланысты, субсидиялау қағидаларына күріш дақылы үшін суармалы судың қызметін субсидиялау көлемін 50%-ға жеткізу жөнінде өзгеріс енгізу ұсынылды.
АШМ тарапы мұны да тез қарауға уәде берді. Ведомства өкілдерінің мәлімдеуінше, бекітілген қағиданың талаптарына сәйкес, сатып алынған суармалы судың 1 (бір) м3 (текше метріне) субсидия нормативі тарифтің субсидияланатын бөлігінен 50%-ын құрайды. Бұрын тамшылатып суарғанда, жаңбырлатып және қос механикалық көтеруде 80% құраған, егер өздігінен беруде – 20% құраған.Бұл ретте, субсидия беру көлемінің 23 есептеу нұсқасы болған. Суарудың қай әдістемесін қолданған жағдайда да, жаңа қағидаға субсидияландырудың бір түрі – 50% қарастырылған, бұл ретте сыбайлас жемқорлықтың көріністері айтарлықтай азайады. Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, 1м3 суға кеткен шығынды өтеу мөлшерін суару қағидаға сай 50%-ды құрайды. Ағымдағы жылдың суару кезеңі аяқталғаннан кейін ұсыныстар қосымша қарастырылатын болады.

Жиын соңында, А.Мырзахметов басқосуда айтылған ұсынымдардың барлығының ескерілетінін атап өтті және де ауыл шаруашылығы саласының проблемалық мәселелеріне арналған осынау отырыстар басқпа да облыстарды қамтитынын еске салды.


ҚР АШМ Баспасөз қызметі
+7 (7172) 555-765
minagripress@gmail.com

Пікір қалдыру

Cіздің email адресіңіз бөгде адамдарға көрсетілмейді Негізгі жолдар белгіленген *

*

Система Orphus